Билер кеңесінің қоғамда ролі зор

(0 Votes)

Аудандық сот жанынан құрылған билер кеңесі бірлескен мәжілісін өткізді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселеде аудандық билер кеңесінің 2022 жылдың 9 ай қорытындысымен атқарылған жұмыстар жайлы кеңес мүшесі Төреміс Шәріпов баяндама жасады.

- Ауданымызда билер кеңесі 2018 жылы құрылған болатын. Алайда әлемдік пандемияның салдарынан кеңес өз жұмысын жоспарлаған межеде толыққанды жүргізе алмады. Тек үстіміздегі жылдың ақпанынан  бастап жаңа құрамын бекітіп, толыққанды жұмыс жасауына мүмкіндік алды. Атырау облысы Билер кеңесі қоғамдық бірлестігінің жұмыс жоспары негізінде аудандық сотпен бірлесе отырып шаралар жоспарын жасақтады. Соған сай өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум негізінде барлық тараптармен тығыз байланыста жұмыс жасауға көңіл бөлінді. Кеңес мүшелері аудан көлемінде өткен шараларға атсалысып, ұрпақ тәрбиесі, отбасылық құндылық, рухани үндестік, отансүйгіштік бағытта үгіт-насихаттық жұмыстар атқарды.  Жұмысымыздың басым бөлігі қоғамдық қабылдау негізінде атқарылып келеді. Аудандық сот ғимаратының отбасылық сот кабинетінде билер кеңесі мүшелерімен азаматтарды қабылдау ұдайы ұйымдастырылады. Ондағы айтылған әңгіменің өзегі жанұядағы жарастық, отбасының беріктігі, түрлі кикілжіңдердің алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау, жәбір көрушілерге көмек көрсету сияқты тәрбиелік жұмыстардан тұрды. Өткен тоғыз айда 83 адам қабылдауда болып, 16-сының арыз-шағымы бітімгерлікпен оңды шешілді. Сот қызметкерлерімен, медиаторлармен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жанжалдасып келгендердің көпшілігі татуласу, ымыраға келулері арқылы жанұялық одақтарын сақтап қалды. Дегенменде жас отбасылар арасында ажырасу фактілері азаймай отыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарымызды жандандыру міндеті тұр,- деген баяндамашы есепті кезеңде билер кеңесінің қатысымен ұйымдастырылған шараларды атап өтті.

Келесі кезекте Ақкөл ауылдық округі билер кеңесінің төрағасы Абубакар Юсуповтың  атқарған ісінен қысқаша хабарламасы тыңдалды.

– Ауылдық округ бойынша теміржол мекемелерінде, Ақкөл жалпы орта мектебінде,  ауылдық дәрігерлік амбулаторияда салауатты өмір салтын қалыптастыру, тұрмыстық-зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылықты болдырмау, отбасы жарастығын сақтау бағытындағы түсінік жұмыстары жүргізілді. Ауылдағы ардагерлер, аналар кеңестері, жастар ұйымы тығыз байланысты болып, көп ұлтты ауылдағы ауызбіршілікті, өзара татулықты нығайту атсалысып келеді. Кәсіби емес медиатор Жаннат Сидеғалиеваның ұйымдастырған ауылдастар арасындағы әкімшілік құқықбұзушылық іс бойынша соталды дауды шешуге округтің биі ретінде қатысып, өзара кикілжіңге орай 4 отбасымен дауды реттеу туралы келісімге келу қадамы жасалынды. Нәтижесінде олар бір-бірінен кешірім сұрап, өзара татуласты.

Мәжілісті аудандық билер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев қорытындылап, жұмысты одан әрі жетілдіру бағытында аудандық сотпен, аудандық ардагерлер кеңесімен, басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыстану қажеттігін қаперге берді. Алда келе жатқан үлкен мемлекеттік маңызы бар саяси науқанды өз деңгейінде өткізу билер кеңесінің жұмысы болуы керектігін қадап айтқан ауданның бас биі кеңес мүшелеріне куәлік табыстады. Сондай-ақ, қатарларына қосылған ішке істер саласының ардагері Бекжан Мұқашевпен, түрлі салада лауазымды қызметтер атқарған Жұмақай Ғұмаровпен таныстырды.

bayandama4

Соңында аудандық билер кеңесіне отбасылық жағдайының қиындығы, жолдасының жұмыссыз жүргендігі, балаларына мемлекеттен көмек ала алмай отырғандығы туралы арыздаған  өз күштерімен салып алған уақытша шағын баспанада 5 баласымен тұрып жатқан Хиуаз ауылының тұрғыны Алмагүл Муриеваның жағдайын талқыланды. Осыған орай арнайы шақырылған Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Сұңғат Бралиев бұл отбасының қиын жағдайы әкімдікпен зерделенгенін, қазіргі уақытта жолдасы жол мекемесіне жұмысқа алынғанын, ал өзін ақылы қоғамдық қызметке тарту көзделіп отырғанын жеткізді.

bayandama2

bayandama1

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521