Екі жылдан бері елімізде 24 маусым - судья және сот қызметкері күні болып жарияланып, кәсіби мереке ретінде аталып өтіп келеді. Бұл күн кездейсоқ таңдалмады, дәл сол күні 1992 жылы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап қолданыстағы «Қазақ КСР сот құрылысы туралы» Заңға сот төрелігін тек соттың ғана жүзеге асыруы туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, оның мәртебесі айқындалған болатын. Осы жылдар ішінде Қазақстандағы сот жүйесі еліміздің аумағында Конституция мен басқа да заңдарды басшылыққа алып сот төрелігін жүргізеді.
Осы ретте сот саласын ілгерілету, халықаралық талаптарға сәйкестендіру бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Мәселен, судьялар мәртебесі көтеріліп, тәуелсіздігі арттырылды. Себебі, судья – сот саласындағы негізгі тұлға. Сондықтан қазақстандық қазылардың кедергісіз қызмет етуіне қаншалықты қолдау көрсетілсе, тиісінше олардың біліміне, білігіне, әдебіне, кісілік келбетіне деген талап та жыл сайын өсіп отырады.
Бүгінгі күнге дейін мемлекет тарапынан сот жүйесін дамытуға, судьялар жұмысын жүйелеуге тұрақты қолдау көрсетілді. Мемлекет басшысының әрбір Жолдауында үшінші биліктің ертеңіне, нәтижелі жұмысына бағдар берер тапсырмалар қамтылып келеді. Қоғамдағы судьяның рөлін айшықтап, беделін өсірудегі келесі қадам біліктілікті көтеріп, тәжірибені шыңдаумен қатысты деп нық айтуға болады. Кәсіби шеберлік әрине, бір күнде қалыптаспайды, оған жылдар кетеді. Сонымен бірге, шеберлік ізденісті, еңбекті талап етеді. Өйткені, сот корпусын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету үшін судьялықтан үміткерлерге қойылатын талаптың жыл өткен сайын күшейтілгені бәрімізге белгілі. Яғни, қазіргі іріктелген кадрлар үлкен сұрыптаудан, қатал сүзгіден өткендер деген орынды болар. Бірақ, әділдіктің айнасы атану үшін судьяға бірқатар кешенді міндеттер жүктеледі. Соңғы жылдары сот өндірісіне түсетін іс материалдары еселеп артты. Соның салдарынан судьялардың жүктемесі де көбейген болатын. Ал бұл өз кезегінде сот жүйесіне өз қиындықтарын алып келді. келді. Медиация институтының енгізілуі – судья жектемесін шешуге жасалған алғашқы талпыныс болды. Тәжірибеге медиаторлардың, Билер кеңесінің енгізілуі, адвокаттардың партисипативтік келісім жасау арқылы дауды сотқа дейін, сотта шешуге көмектесуі сот жүктемесін айтарлықтай азайтты. Сонымен бірге, даусыз істердің құзырлы орындар қарауына берілуі де сотқа түсетін істердің көлемін кеміткені анық. Мұндай өзгеріс ең алдымен судьялардың өз бетінше ізденуіне жол ашты. Уақытын үнемдеген судьялардың назарын неғұрлым күрделі істерге аударуына ықпалын тигізді. Бұл да сот әділдігіне кепілдік берер тетіктің бірі.
Бүгінде судьялардың еш кедергісіз қызмет етуіне толық жағдай жасалған. Әр судьядан сот жүйесінің абыройын көтеру, сот процестерінің ашықтығына қол жеткізу, судья әрекетіне арыз-шағымдарды болдырмау талап етілді. Кез келген судья соттың бейтараптығы мен адалдығына күмән келтірмейтіндей, өзінің мәртебелі атағына және сот билігіне дақ түсірмейтіндей әрекет жасауы тиіс. Қазіргі уақытта аудандық сотта екі судья жұмыс жасайды, оның біреуі - сот төрағасының міндерін атқарса, одан басқа сот әкімшісінің басшысы және сегіз маман қызмет етеді. Әр салада іскерлігімен, біліктілігімен ерекшеленетін мамандар кездеседі. Соның бірі - әріптестерінің арасында сыйлы, Құрманғазы аудандық сотында 14 жылдан бері еңбек етіп келетін, ісіне адал, тәжірибесі мол білікті судья Бибітгүл Менситова. Қай саладағы тәжірибе жылдар бойы еңбектің нәтижесінде қалыптасатыны белгілі. Бибітгүл Мағазқызы еңбек жолын сонау 1984 жылы сол кездегі Теңіз халық соты деп аталған шақта сот отырысы хатшысының жұмысынан бастады. Кейіннен жиырма жылдай адвокат қызметін атқарып келіп, 2010 жылдан бастап күні бүгінге дейін аудандық соттың судьясы қызметін абыроймен атқаруда. Халқының саны 58 мыңнан асатын, көршілес Ресеймен шектесіп жатқан ерекшелігі бар аумақта сот жүйесінің жұмысын оңай емес екені анық. Көптеген түрлі санаттағы істерді, соның ішінде қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істерді қарау барысында Бибітгүл әрдайым әділдікті жоғары ұстап, заңның талаптарын бұлжытпай орындауды өзінің міндеті ретінде көреді. Ол «Тура биде туған жоқ, турасыз биде иман жоқ» деген нақыл сөзді өзіне өмірлік ұстаным еткен жан. Әр істің артында адамның тағдыры, оның өмірі, бостандықтары мен құқықтары екенін ұмытпайды. Сот төрелігін іске асырудан басқа өзіне қосымша жүктелген құқықтық ағарту, халыққа заңдарды түсіндіру, оларды татуластыру бағытында жұмыс жасап, аудандық Билер алқасы, медиаторлар мен қоғамдық ұйымдармен бірлесе атқаруға атсалысады.
Судьяның жұмысының елу пайызы оның қасындағы сот отырысының хатшысының жұмысына байланысты. Бибітгул Мағазқызының оң қолы, көмекшісі - соттың бас маманы-сот отырысының хашысы Әсел Юрийқызы Айтекенова ұжымдағы сауатты, жауапкершілігі мол, өзінің жұмысын сүйіп жасайтын білікті мамандардың бірі. Ұжымда әркіммен тіл табысып жұмыс жасай білетін Бибітгүл Мағазқызы әріптесі Гүлсім Бестерекқызы Тасқынбаевамен қоян-қолтық жұмыс жасап, бірлесіп аудандағы сот төрелігін іске асыруда. Сонымен қатар, сот саласында көп жылдар бойы сот әкімшісі басшысы Салтанат Санабайқызы Мусина, бас маман-сот мәжілісінің хатшысы Саламат Сатауұлы Қыдыршаев, аға сот приставы Марал Нұрлығайнұлы Зияшев, бас маман-сот мәжілісінің хатшысы Дариға Өтепбергенқызы Хайруллина, бас маман Жайнар Серікқызы Мұфтахова, жетекші мамандар Гүлшара Таңатарқызы Таңатарова, Жанна Серікқызы Жұмабаева да судьялардың жұмыстарын ұйымдастыру, олардың жұмыстарына жағдай жасауына өз үлестерін қосып келетін білікті мамандар. Жауапкершілігі мол, көп уақытын жұмыста өткізетін судьяның жұмысында отбасының қолдауы өте маңызды. Жары Қайрат Разихұлы мен 3 қызының Бибітгүл Мағазқызына қолдау көрсетулері әр уақытта сезіліп отырады.
Айбек НӘЖІМОВ