Бетпердені тағып алып, айналаны қоқыстан тазартсақ

(0 Votes)

Міне, күлімдеп көктем де жетті. Жерді тоңмен жауып, қармен қымтаған қыс жөніне кетті.

Қар демекші ол биыл жауып та жарытқан жоқ. Қыс та қаһарланып қыспады. Сондықтан күн жылынғаннан кейін түрлі ауруларды туғызатын бактериялар да ұйқысынан ерте оянғаны хақ.

Теледидарды қосып қалсаңыз төтенше жағдайдан табиғат тазарды деп айтып жатыр. Алматы, Нұрсұлтан және басқа да қалалардың ауасы жақсарған. Шаһар маңдары қоқыстардан тазартылған. Түрлі аурулар мен вирустарды тарататын осы қоқыстар емес пе? Біздің Құрманғазы ауылы да тап солай тазарса ғой дейсің. Қазір төтенше жағдайға байланысты көп адамдар үйінде бос отыр. Неге бетпердені тағып алып үйіміздің айналасын, көшелерді қоқыстан, ғимараттарды шаң-тозаңнан арылтпаймыз?

42500 теңгені алып үйде бос отырғаннан гөрі сақтық шараларын қолданып, жеке-жеке шығып осындай пайдалы іспен шұғылдансақ қайтеді? Дүние жүзіндегі басқа елдерде халық індеттен қорқып өздері тұратын қала, ауылдарды түрлі қоқыстар мен шаң-тозаңға толтырып қойып отырмаған шығар. Тиісті қызметтер тазартып жатқанына күмәнім жоқ. Ал, біз тұратын Құрманғазы ауылындағы бөгеттердің астына баяғыша түрлі тұрмыстық қалдықтар, пайдаланылған майлық қағаздар, түрлі қағаз қорапшалар, пакеттер, целлофандар, памперстер, сусынның, арақтың шөлмектері және басқалары тасталып жатыр. Сүрініп жығылуың мүмкін. Жел күндері түрлі қағаздар мен пакеттер, целлофандар ұшып суға түсіп немесе көше ортасына, үйлердің шарбақтарының маңына жиналады. Оларды жинап, өртеп жіберуге де ерінеміз. Келесі бағыттан соққан желдің алып кетуін немесе ақылы қоғамдық қызметте жүргендердің жинауын күтеміз. Оған дейін теректе желбіреп, желмен ұшып бетімізге соқса да мән бермейміз.

Құрманғазы ауылы – республикалық маңызы бар күре жолдың бойында жатырған шекаралық елді мекен, аудан орталығы. «Сырт көз сыншы», дегендей үстінен түрлі шетелдік көліктер өтеді. Қоқып жатқанын суретке түсіріп әлеуметтік желіге жариялап жіберсе елдігімізге сын. Әрі тазалық – денсаулық кепілі. Айналамызды өзіміз таза ұстамасақ, біреу келіп тазалап бермейді ағайын. Қазір төтенше жағдай уақыты. Сондықтан сіздерді қоршаған ортаның таза болуына мән беруге шақырамын.

Рахмет Ниетқалиев,

Құрманғазы ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521