Бетперде тігуге шеберхана тігіншілері қызу кірісті

(0 Votes)

Қазіргі елде болып жатқан жағдайға алаңдап, мемлекет тарапынан сақтық шаралар алу мен қауіпті жою мақсатында жүргізіліп жатқан барлық іс-шараларға қолдау білдіріп, көмек қолын созып жатқан тұрғындардың саны күн санап арта түсуде.Аудандық мүгедектер орталығы жанынан ашылған «Нұршуақ» шеберханасының қызметкерлері аты жаман аурудың кесапатынан бетперде тапшылығын болдырмау үшін игі істі қолға алды.

Төрт тігін машинасымен жұмыс жасап отырған қыз-келіншектер бетперде тігуге қызу кіріскен. Жұмыс таңертеңгі тоғыздан түн қараңғылығы қоюланғанша толастамайды. Бастапқыда күніне 50 бетперде дайындаса, қазір оның екі-үш есе данасын тігуді еркін игеріп алған. Мұнда тігіншілікпен айналысуды қалайтын кез келген жанға әрдайым есік ашық. Төрайымы Гүлсара Қайырленова қысылтаяң шақта тұрғындарға жәрдем беру үшін еріктілердің де басын қосып бетперде тігуді ұйымдастырып отыр.

img_9313

– Қазіргі таңда медициналық бетперде табыла бермейтін қат тауарға айналып отыр. Осыған орай, 2014 жылы мүгедектер қоғамы жанынан ашылған үздіксіз жұмыс жасап келе жатқан шеберхана қызметкерлерін осы іске жұмылдыруды кажет деп шештім. Аудандық орталық кітапханадан, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінен қыздар, Айсара, Зәуреш есімді еріктілер келіп көмектерін берді. Бірі пішіп, бірі тігіп, қалғаны дайын өнімді қорапқа салып жұмыс қарқынын еселей түсті. Соның арқасында өткен аптада көп балалы аналарға, мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға бетперденің 100 данасын тегін тараттық. Қазір өзімнің екі тігіншіммен жұмыс жалғасын тауып жатыр. Өнімімізді қолжетімді бағада 200 теңгеден ұсынудамыз. Әлеуметтік жағдайын айтып, бетпердені тегін сұрап келушілер де бар. Олардың да өтінішін қанағаттандыруға тырысып жатырмыз. Қалай дегенмен бізге масканы дайындау үшін шикізаттың өзі қымбатқа шығады. Мәселен, матаны қазір 1500-2000 теңгеден сатып алып отырмыз. Резиннің бағасы – 250, жіп-350 теңгеге көтеріліп кетті. Тігін машиналарының тозығы жеткен. Әлсін-әлсін инесі де сына береді. Оның да бағасы қазір базарда 500 теңге тұрады. Сонда бір бетпердеден көп болса 50 теңге тіпті одан да аз пайда табамыз. Бізден арзан бағаға сатып алып, өз айла-амалдарын жүзеге асырып отырған алыпсатарлардың да бар екеніне көзім жетті. Жақында бір танысым өзінің тағып тұрған бетпердесін 300 теңгеден базардан сатып алғанын айтты. Мен біздің шеберхананың жасаған өнімі екенін матаның тігісінен бірден байқадым. Осындай аласапыран сәтте пайдакүнемдердің арамыздан жиі бой көрсететініне әрине қынжыласың, - дейді ізгі жан Гүлсара Қайырленова.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521