Бесбармақ - сүйікті тағамым

(0 Votes)

Галина Василийқызы Чаплыгинаның есімі аудан тұрғындарына кеңінен таныс.

Олар алдына барған сырқатты мұқият қарап, қажетті емін жасайтын ақ халатты абзал жанды қатты құрмет тұтады. Мүмкін өзінің туысындай, туған бауырындай қабағын шытпай, жылы жүзбен қарсылап, жанашырлық танытатынынан да шығар. Дәрігердің жаны аши қарағанының өзі ем іздеп барған адам үшін шипа. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды» дегендей Галина Василийқызымен алдын ала сөйлесіп, газеттен екенімізді ескерткенімізде: «Неге мені таңдадыңыздар? Басқа да дәрігерлер бар ғой», деп бірден бас тартты. Ақыры келісіп,тек түстен кейін ғана бізбен кездесуге аздаған уақытын бөлетінін жеткізді. Іздеп барғанымызда сол жерде басқа дәрігерге қаралғалы тұрған адамдардың бірі: «Дұрыс таңдау жасапсыздар. Осы кісі туралы жазу керек. Газетке көп шықпайды. Аудандағы ең жақсы дәрігерлердің бірі. Еңбегі бар», деп риза болып жатыр.

Кейіпкеріміз осы жердің төл тумасы.1981 жылы Ломоносов атындағы орта мектепті бітірген. 1983 жылы Гурьев (Атырау) медучилищесіне оқуға түседі. Өзі сүйген мамандықты таңдаған жас қыз оны үздік қызыл дипломмен аяқтаған. Содан Ақтөбе медицина институтына барған екен. Онда да өзін жақсы жағынан көрсетеді. Мұнда 6 жыл оқып, Гурьев қаласында интернатурадан өтеді.

– Содан кейін Отанымыздың, біздің халқымыздың игілігі үшін еңбек етпек болып туған жеріме оралдым. Құрылысшылар, Кресті ауылдарының учаскелік дәрігері болып 30 жыл бойы жұмыс жасап келемін. Олардың тұрғындары менің емделушілерім болғандықтан үнемі қамын ойлап жүремін. Созылмалы сырқаттарға шалдыққандары бізде диспансерлік есепке қойылған. Біз оларды жиі шақырып, диспансерлік тексеруден өткіземіз. Зейнеткерлікке дейін әлі 8 жыл бар. Өткір жүрек, бүйрек, бауыр, басқа да ішкі ағзылардың дерттерін емдейміз, - дейді ақ халатты абзал жан.

Дәрігер болу оңай емес. Атыңа кір келтірмей жүру одан да қиын. Себебі бұл сегіз сағаттан кейін тастап, үйіңе жүре беретін қызметке жатпайды. Ауру жанына батқан адамның көңіл-күйі болмайды. Галина Василийқызына адамдар үлкен сенім артып келеді. Қателеспейді. Кейіпкеріміз отыз жыл қызметінде облыстық, аудандық дәрежедегі көптеген марапаттар иеленген. Жақында ғана жоғары категориялы дәрігер атағын алған. Отбасында жолдасы, үйленген ұлы, одан сүйген үш немересі бар. Екеуі мектепте оқиды, біреуі әлі кішкентай. Өзінің әкесі аудандық қаржы бөлімінде, анасы дезстансада лобарант болып жұмыс жасағанымен бірге туған бауырларының бәрі дәрігер. Олар Мәскеуде, Санкт-Петербургте әскери госпиталда, Астраханда, Красный Ярда абыройлы қызметімен танылып жүрген жандар.

– Қарапайым отбасында қазақтың арасында өстім ғой. Бірақ, медучилищеде оқып жүргенімде қазақтың ұлттық тағамдарын пісіре алмайтынмын. Жатақханада бір бөлмеде төрт қыз жаттық. Бірде олар концертке баратын болып, мен ермей қалдым. Маған бесбармақ дайындап қоюды тапсырды. Оның іңкәлін (нанын) бірден салудың орнына бір-бірлеп салып жүргенімде концерт бітіп, құрбыларым қайтып келді. Менің тірлігімді көргеннен кейін күлкіге қарық болды. Сол оқиға есіме түссе әлі күлемін. Қазір үйге қонақ келсе ең алдымен оларға бесбармақ ұсынамын. Содан кейін қалған тамақтарды беремін. Себебі бесбармақ менің ең сүйікті тағамым болып кетті, -дейді Галина Василийқызы басыңыздан өткен қызықты жағдайды айтып өтсеңіз деген сұрағымызға.

Халық денсаулығын қорғауда абыроймен еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жан Галина Чаплыгинаға және медицина саласының барлық қызметкерлеріне мерекелік көтеріңкі көңіл-күй, жемісті еңбек, отбастарына амандық тілейміз.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521