Белгілі ғалым Абат Қыдыршаев құрманғазылықтармен кездесті

(0 Votes)

Аудандық орталық кітапханада белгілі ғалым М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Қыдыршаев Абат Сатыбайұлымен «Ар биігіндегі азамат-ұстаз» атты оқырмандар кездесуі өтті.

Шараны кітапхана библиографы Сандуғаш Болатқызы жүргізіп, кеш қонағы Абат Сатыбайұлы мен жұбайы Диамара Қабденқызын қошеметпен ортаға шақырды. Үлкен лэдэкраннан ғалымның өмір белестері жайлы сыр шертер бейнесюжет көрсетілді. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Ерасыл Самиғоллаев пен Аманжан Халықовтың орындауындағы әсем әндер кештің тақырыбын аша түскендей әсер қалдырды.

Аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Меңдісұлу Меңдіханқызы оқырмандарға жол тартқан Абат Сатыбайұлының «Шешен сөйлей білеміз бе?» кітабының таныстырылымын жасады. Келесі кезекте өлкеміздің қаламгерлері Өмірзақ Қажымғалиұлы, Нұрлығайын Нұғыманұлы, Дүйсенбек Гайсин, Жұмақай Ғұмаровтар сөз алып, ғалымның кітабы, ғылыми еңбектері, философиялық ойлары жайында пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, алғаш еңбек жолын бастаған К.Маркс (қазіргі Ә.Сәрсенбаев) атындағы мектептің ардагер ұстазы Жұпар Халидуллина, сол кездегі шәкірттері естеліктерімен бөлісті. Әсерлі кездесудің соңында ғалымның өзі тебірене сөйлеп, азды-көпті еңбегін елеп жатқан жерлестеріне ризашылығын білдіріп, көкірегінде жүрген көп ойларын ортаға салды. – Сіздердің қолдарыңызға тиген кітабым бұдан бес-алты жыл бұрын шыққан еді. Мен тыңнан ештеңе ойлап тапқаным жоқ, сөз – тәңірінің елшісі дейді. Қазағымның шешендік өнері ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Шешендік – тектіліктің белгсі. Менікі жастарымыз шешен сөйлей білсе деген ой еді. Алдағы уақытта 750 беттен тұратын «Шешен сөлей білсең» деген тағы бір туындым шыққалы жатыр. Онда сөйлеу мәнері, ой ұшқырлығы, сөз мағынасын түсіне білу, осы бағыттағы бірқатар ойларым қамтылады. Бұдан басқа шешендік тақырыбында 40-тан астам монографиялық еңбек жаздым. Барлығы да осы ұрпағымыз ата-бабадан жекткен сөз өнерін жалғастырса, айтайын дегенін шұрайлы тіліміздің шырайын келтіре жеткізсе деген ниетім еді, – деген ғалым шет тілден аударылған қанатты сөздердің нақты дұрыс мағынасы ашылмай, бұрмаланып жеткізілгендігіне ренішін білдірді.

Шараны қорытындылаған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Нұрғалиева кеш қонағына Алғыс хат пен ескерткіш сыйлық табыстады.

Айбек ӘНУАРҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT