Қазақтың кең байтақ даласы 130-дан астам ұлт өкілін қара шаңырақ астында біріктіріп отырған киелі мекен. Өзара сыйластығы мол, бауыры үшін барын беруге даяр қазақ ешкімді де жатсынбайды. Түрі басқа болғанмен әр адамды туғанындай көреді. Бір үзім нанның өзін бөліп жеп, жанына жақын тарту – бізге тән қасиет.
Елімізде тату-тәтті өмір сүретін халықтардың әдет-ғұрпын, дәстүр-тарихын, тілін қастерлеп, бүгінгіміз бен келешегіміз үшін бірлігімізді нығайту басты борышымыз екенін ұғындыруды басты мұрат еткен аудандық және Құрманғазы ауылдық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен өткен шара «Бейбітшілік пен бірлікке толы 30 жыл» деп аталды. Оған орыс ұлтының өкілі Бабушкина Валентина Петровна, кәріс ұлтының өкілі Ким Зинаида Николаевна, өзбек ұлтының өкілі Тәжібаева Мухаббат Базарбайқызы, қазақ ұлтының өкілі Қисамеденова Рабиға Анартайқызы және орыс азаматымен тұрмыс құрған Байгарина Клара Нухқызы қатысып, сұхбат берді. Кеш барысында қонақтар жүргізуші, Ломоносов атындағы жалпы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Рита Зайнулқызының екі тілде қойған сұрақтарына жауап беріп, өмір жолдарынан қысқаша шолу жасап өтті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов құттықтау тілегін білдіріп, көп ұлтты Қазақстан үшін бірлік пен ынтымақты сақтаудың маңызы зор екенін жеткізді. Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова Ассамблеяның 30 жылдығы татулықты ту еткен Қазақ елінің мерейлі мерекесі екенін атап өтіп, шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын айтып, алғыс хаттары мен естелік сыйлықтарын табыстады.
Мерекелік кеште М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің жанынан құрылған «Ақ жаулығым – қазынам» әжелер ансамблі «Дедімай-ау» халық әнін орындаса, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, шараның көрігін қыздырды. Дәстүрге сай «қонақ кәде» сұралып, Валентина Бабушкина «Кестелі орамал» әнін тамылжыта шырқады.
Айнагүл Күнұзаққызы