Бейбіт жиналыстарды өткізу тәртібі қандай?
1. Бейбіт жиналыс деген не?
Бейбіт жиналыс – күш және қару қолданылмайтын, мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқығы мен бостандығын қорғау мүдделеріне қатер төндірмейтін іс-шара. Оған жиналыс, митинг, демонстрация, шеру мен пикеттеу жатады. Бейбіт жиынды кәмелетке толған азамат немесе азаматтар тобы, ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген заңды тұлға ұйымдастыра алады. Ал ел тұрғындарына өз еркімен қатысуына болады.
2. Бейбіт шеру өткізуге мемлекеттен рұқсат керек пе?
Мемлекеттен арнайы рұқсат алудың қажеті жоқ. Бірақ жиын ұйымдастырушы жергілікті органға белгілі бір уақыт пен орында бейбіт жиын өтетінін 5 жұмыс күн бұрын хабарлауға міндетті. Хабарламаны қағаз жеткізгіш немесе цифрлы қолтаңба арқылы куәландырылған электрон құжат ретінде беру керек.
3. Хабарламаға қанша уақытта жауап қайтарады?
Жергілікті атқарушы орган хабарлама тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бейбіт жиналысты ұйымдастырушыға өз шешімі туралы хабарлауы қажет. Орган келісуі, бас тартуы немесе өзгеріс енгізуі мүмкін. Жауапты қолма-қол, пошта, ЭЦҚ-мен куәландырылған электрон құжатпен, электрон пошта немесе ұялы байланыс нөмері арқылы жеткізеді. Хабарламаны қарау мерзімі өткен соң жергілікті атқарушы органның жауабы болмаса, ұйымдастырушы берілген хабарламаға сәйкес бейбіт жиналыс өткізеді.
4. Бейбіт жиынды кез келген жерде өткізуге бола ма?
Бейбіт жиналыстар (пикеттеуден басқа) арнайы орындарда ғана өтеді. Басқа жерлерде ұйымдастыруға тыйым салынады. Республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстардың әкімшілік орталықтары болып саналатын аудандарының орталығында пикеттеу, жиналыстар немесе митингілер ұйымдастыру және өткізуге арналған кемінде 3 арнайы орын болуы керек.
5. Қай уақытта өткізу керек?
Бейбіт жиналысты белгіленген күні жергілікті уақыт бойынша 9.00-20.00 аралығы арнайы орында ұйымдастыру керек. Одан ерте бастауға немесе кеш аяқтауға болмайды.
6. Ал пикеттеуді қайда өткізуге болмайды?
Пикеттеуді төмендегі орындарда өткізуге болмайды:
- жерлеу орындарында;
- теміржол, су, әуе және көлік объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;
- мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;
- Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда;
- қауіпті өндірістік объектілерге және арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;
- магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбыржолдарда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда тыйым салынады.
7. Жиын өткізгісі келетіндердің құқығы қандай?
Қатысушылар пікірін еркін білдіруге құқылы. Сонымен бірге жиын кезінде шешімдерді талқылауға, қабылдауға, ұжым әрекеттеріне қатысуға мүмкіндігі бар. Ұйымдастырушыдан немесе жергілікті атқарушы органнан бейбіт жиын өткізу жөнінде қолданылып жатқан шараға қатысты ақпарат ала алады. Заң бойынша жиын кезінде дыбыс деңгейі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келетін дыбыс күшейткіш техника құралын, плакат, транспарант және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын, көлік қолдануына болады. Сонымен бірге видеоға, суретке түсіруге рұқсат. Қатысушы бейбіт жиын кезінде медицина көмегіне, бейбіт жиналыс өткізу орнынан қауіпсіз эвакуациялау көмегіне жүгіне алады. Ұйымдастырушылар азаматтардың талаптары мен өтініштері бойынша қол жинауға, жиынды тоқтата тұруға немесе одан бас тартуға құқылы. Ескеретін жайт, ол міндетті түрде ұйымдастырушы екенін растайтын белгісін тағып жүруі керек.
8. Журналистер бейбіт жиынға қатыса ала ма?
Иә, ол үшін бұқаралық ақпарат құралының өкілі екенін растайтын куәлігін, белгісін көрсетуі керек. Сонымен бірге журналист жиын орнында медицина көмегіне және қауіпсіз эвакуациялауға жүгіне алады. Бірақ журналистерге бейбіт жиналыс ұйымдастырушы мен оған қатысушылардың, мемлекеттік органдар, ұйым қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне кедергі келтірмеуі қажет. Сонымен бірге көлік, инфрақұрылым объектілерінің жұмыс істеуіне, бейбіт жиналысқа қатыспайтын азаматтардың еркін жүріп-тұруына бөгет жасамауға тиіс.
Құрманғазы ауданы прокурорының орынбасары Байбусынов Асланбек Серікұлы