Еліміздегі ең үлкен қоғамдық бірлестік, сан тарау өмір жолдарынан өткен аға буын өкілдерінің басын біріктіретін республикалық ардагерлер ұйымының құрылғанына 35 жыл толды.
Қоғамда өзіндік орыны бар өнегенің бастауы болған бірлестіктің даталы күніне орай тағылымдық шаралар көптеп өткізілуде. Солардың бірегейі ретінде Еңбекші ауылдық округі ардагерлер кеңесінің ауыл әкімдігі және клуб үйімен бірлесе өткізген «Елеулі еңбек – беделді ұйым» атты салтанатты жиынды айтуға болады.
Мерекелік баяндама жасаған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаділхан Қалиев елімізде және аймақта ұйымның құрылу, қалыптасу жолдарына, сонау 1987 жылдың наурызынан бастау алатын отыз бес жылдық тарихына тоқталды. Өзге өңірлер сияқты Еңбекші топырағында да құрылған ұйымның өткені мен бүгінін баяндады. Алғашқы төрағасы марқұм, еңбек және соғыс ардагері Баймаш Нұрымовтың, одан соң ұйымды жиырма жылдан астам басқарған, бүгінгі шараға қатысып отырған Теміртас Елеусіновтің есімдеріне жылы лебіздер айтты. Қазіргі уақытта 291 ардагері бар ұйымның атқарған істері жайын тізбелеп, жиылғандарды мерейлі күнмен құттықтады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағынжан Рахимов аға буынның елдің тұрақтылығы мен ауызбіршілігін сақтауға үлкендік үлесін қосып, билік пен халық арасында алтын көпір бола білген өнегелі істеріне алғысын білдіріп, еңбек ардагерлері, майталман механизатор Алхат Хамидоллаевқа ауданның Құрмет грамотасын, танымал азаматтар Қамат Ғаббасовқа, Мұқар Шаяхметовке, Теміртас Елеусіновке, Мырзабай Шаяхметовке Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына арналған мерейтойлық төсбелгісін табыстады. Ауылдағы ардагерлерді ұдайы қамқорлығында ұстайтын округ әкімі Руслан Тасмұратұлына да осындай құрмет көрсетілді.
Шарада өңірдің дамуы мен көркеюіне, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосқандар мерейжастарына орай және бір топ белсенді ардагерлер Алғыс хатпен ұлығыланды. Рәсімді округ әкімі мен ұйым төрағасы жасады. Ауылдық клубтың қызметкерлерінің, өнер өлкесінің жас өрімталдарының күшімен шағын концерт қойылды.
Айбек НӘЖІМОВ