Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Атырау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қасиетіңнен айналайын Құрманғазым» атты, ауданымыздың 95 жылдығына арналған Батыс аймақтық ақындар айтысы қанатын жайды.
Айтыс алдында оған қатысушылар Құрманғазы аудандық музейі ұйымдастырған «Қойнауы тарихқа толы мекен – Құрманғазы» атты көшпелі көрменің жәдігерлерін тамашалап, туған жер тарихына қанықты. Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының мүшесі Шалқарбай Ізбасаров жүргiзген жыр додасына Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан, Исатай, Махамбет, Қызылқоға, Құрманғазы аудандарынан 8 ақын қатысты. Барлығы да бұрыннан талай айтыстарда тұяғы тасқа тимей, қарсылысын шаң қаптырып, жүлделі орындарды қанжығалаған сайыпқыран дүлділдер.
Аудан әкімі Абат Жанғалиев қатысушыларды құттықтап, күй өңірінің шамшырағы жарқырай берсін, бақтарыңыз бен баптарыңыз бiрге шапсын деген ізгі тiлегiн бiлдiрдi. Бұл жолы айтыскерлер сахна төрiне шақырылған көрермендердің суырған жеребесі бойынша жұпталды. Айтыс ақтаңгерлерi Нұрболат Нұғыманов (Исатай)-Самғар Орынбай (Ақтөбе), Серiкбол Панабердиев (Атырау қаласы)- Айнабек Бисенғалиев (Батыс Қазақстан), Жанболат Алиев (Маңғыстау)-Нұрбейбiт Нұғыманов (Құрманғазы), Серiк Қойшығұлов (Махамбет)- Салауат Кәрiмұлы (Қызылқоға) кезекпен доданы бастап, өлең сүйер қауымға жыр нөсерiн төгiлттi. Домбырасын бебеулетіп, арқаланып алып, шымшыма қағытпалары байланған өлең жебесін қарсыласына боратқан олардың көздегені кейде нысанаға дөп тиіп жатты. Ондайда көрермендер күлкіге көміліп, ду қол шапалақтап қошемет көрсетті. Өздеріне ұнаған ақындарға әділқазылар тарапынан әділетсіздік жасалды деп ара түсіп, қолдау білдірді. Осы сегіз ақыннан төртеуі финалға шықты.
Финал қорытындысымен супер финалда Серікбол Панабердиев (Атырау қаласы) пен маңғыстаулық Жанболат Әлиев кездесті. Өздерінің өткір ұйқастарымен, суырып салма шеберлігімен ерекшеленіп, көптің қошеметіне бөленген бұл екі ақынның айтысында қарсыласы құрметтеп жол берген Жанболат Әлиев жеңіске жетіп, І орын алып, 500 мың теңгелік байрақтың иесі атанды. ІІ орынды Серікбол Панабердиев иеленіп, 400 мың теңгелік байрақты еншіледі. ІІІ орынды исатайлық Нұрболат Нұғыманов пен қызылқоғалық Салауат Кәрімұлы қанжығалады.
Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов барлық қатысушы ақындарға Алғыс хаттар мен дипломдар, Әбу Сәрсенбаев, Жұмекен Нәжімеденов, Хиуаз Доспанова атындағы арнайы жүлделерді табыстап, шараны жүргізген танымал ақын Шалқарбай Ізбасаровты, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының мүшесі айтыс ардагері Мүтиғолла Ғани бастаған әділқазылар алқасының мүшелері «Айтыс» қоғамдық қорының төрағасы Шынарбек Қабиев, белгілі ақын Өтеуғали Жайғалиді «Құрманғазы ауданына 95 жыл» мерекелік медалімен ұлығалады.
Қанат ҒҰМАРОВ