Құрманғазы аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Серік Мұфтахов, орынбасары Айжарық Сақташов аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде болып, №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері, әлем чемпионы Ерсейіт Бралинге құрмет көрсетті.
Шараға аудандық ТЖБ-нің басшысы Әділ Қоңқаев, аталған бөлімнің ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәкен Хабибуллин, хатшысы Салтанат Қамиева және №7 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы қатысты.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Әділ Қоңқаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәкен Хабибуллин чемпион әріптестерін құттықтап, ортаға келіп жатқан ауған соғысы ардагерлеріне ризашылығын білдірді.
Аудан соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Мұфтахов: – Дендеріңіз сау, еңбектеріңіз жемісті болып, еліміз, халқымыз үшін жұмыс жасай беріңіздер. Еліміздің, ауданымыздың атын шығарып жатырсыз. Әлем чемпионы ауданымыздан шыққанына Атырау облысы, аудан халқы қуаныштымыз. Ауған соғысы ардагерлері атынан арнайы келіп, құттықтап шыққанды жөн санадық. Әрдайым биіктен көрініп, елдің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленіңіз деп тілеймін, – дей келе Ерсейіт Бралинге «Батыр шапағаты. Бауыржан Момышұлы» медалін табыс етті.
Ауған соғысы ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Айжарық Сақташов: – Ерсейіт үлкен жеңіске жетіп жатырсың, алға қарай да жалғасын тапсын. Әкең Нұрмұхамбетті білемін. Ол кісі ауған жеріне барған жоқ. Бірақ, аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Әдебиет Ердешов екеуі әскер қатарында болғанда сержанттық оқудан өтіп, ауған жеріне бара жатқан жауынгерлерді тәрбиелеген адамдар. Тірі болса осы жетістігіңе қуанар еді, – деп жеке құрамның жұмысына сәттілік тіледі.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Әділ Қоңқаев: – Әріптесімізге көрсетіп жатқан құрметтеріңіз үшін үлкен рахмет! Бүгін ұжымның тең жартысы шақыртуға кетті. Қазақстанның, ауданымыздың мәртебесін көтеріп жатқан Ерсейіттің деніне саулық, отбасына амандық тілеймін. Осылай әлемге танылып жүре бер! Өткенде ардагерлеріміз құттықтағанда ауылда болмағандықтан, бүгін ұжым атынан алған сыйлығымызды табыстағалы отырмыз. Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын!– деді.
Қанат ҒҰМАРОВ