Батыр Хиуаз ескерткіш болып оралды

(0 Votes)

Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Хиуаз ауылына Халық қаһарманы, жерлесіміз, қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш-штурман Хиуаз Доспанованың мүсіні орнатылды. Оның авторы – Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, мүсінші Бақытбек Мұхамеджанов. Хиуаз саябағында бой көтерген мүсіннің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов сөз алды.

 - Батыр жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагері, қанатты қыз Хиуаз Доспанованың дүниеге келген ауылында бүгінгі көрнекі бюсттің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Хиуаз Қайырқызы – соғыс кезінде талай жарақаттар алып, ұшақтан құласа да сағы сынбай, емделіп шығып ұшағына қайта мініп, сұрапыл соғысты жалғастырған жан. Майданнан жеңіспен оралып, бейбіт күнде еңбекке араласты. «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға, «Медеу» спорт кешенін салуға және көптеген тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына ер азаматтармен иық тірестіре жүріп араласып, көптеген игі жұмыстардың ортасынан табылды. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Президенттің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді, - деді.

Келесі сөз кезегін алған Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев Құрманғазы ауданы әкімдігінің ұсынысымен мүсінді орнату облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау комиссиясында қаралып,  үздік жобалардың ішінен осы бюст таңдалғанын жеткізді. ҚР Журналистер одағының мүшесі, Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары, батыр апамыздың есімін дәріптеуде зор еңбек сіңіріп жүрген Тұрсын Қалимоваға ұсынылды.

-Бүгін Азия елдерінен шыққан  тұңғыш ұшқыш-штурман, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова апамыз туған жеріне кеуде мүсіні ескерткіш болып оралып, ауылдастарын қуантып жатыр. Батыр апамыз туған жеріне баруды аңсап өткенін туғандары жиі еске алып айтатын. Бүгінгі салтанатты жиынға құшақ-құшақ гүлдерімен келген ауыл адамдарын көріп көңілім босады. Хиуаз апамыздың  дәл осындай жүздесуді жылдар бойы күткені ойыма оралды.

Атырау облысы әкімдігінің жан-жақты қолдауымен Хиуаз апамыздың ғасыр тойын атап өткен 2022 жылы халық алдында  оның туған жеріндегі жасыл желектер әп-әсем болып жайқала өсіп тұрған «Хиуаз саябағында» қанатты қыздың бюстін орнату жоспарымыз барын айтқанбыз. Сол сөзімізді ісімізбен дәлелдеп, батыр апамызды бүгін жерлестерімен қауыштырып отырмыз. Ауыл тұрғындарының қуанышын көрудің өзі –  ғанибет. Мектеп оқушыларының осы салтанатты  жиынға қатысып, Хиуаз апамыздың ерлігі мен еңбегі туралы естіп білуі олардың тәрбиесіне септігін тигізеді деп үміттенемін. Келер жылы Ұлы жеңістің 80 жылдығында соғыста көзсіз ерлік көрсеткен батырларымызды насихаттау арқылы патриоттық тәрбиеге басымдық беруге жұмыстануымыз қажет. Өскелең ұрпақ ұлттың батырларын ұмытпай, керісінше ұлығылауды ғасырларға жалғап тарихымызды жете білгені абзал – дей келе, Тұрсын Жұмабекқызы осы саябақта әрқашан жақсы, қуанышты шаралар өтсін, аға ұрпақ пен жас буын әнін айтып, биін билеп, ақыл-кеңестерін беретін орын болсын деген тілегін білдірді.

Бұдан кейін Жаңаталап ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сапарғалиев, батыр анамыздың жақын туыстары атынан Ержан Рысқалиев сөз алды. Шара барысында өнерпаздар Гүлзада Жұмалиева, Жадыра Оқашева ән шырқаса, Жазира Сәрсенғалиева «Батыр қыздың» монологын оқыды.

 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT