Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңына таман қаншама жас солақай саясаттың салдарынан интернационалдық борыш деген желеумен Ауған даласына аттанды. Жат жердегі соғысқа барып, жау оғынан мерт болғандардың бірі жерлесіміз, ауылдың қара баласы Қадірбек Өмірбаев еді.
Иә, өлгендер қайтып келмейді, бірақ, сенің рухыңа ескірмейтін естелік жасау, кейінгі ұрпақ ретінде, менің қасиетті парызым.
Сендер- көкке сіңіп кеткен нұрсыңдар,
Зәу биікте жұдыз болып тұрсыңдар.
Армандарын айырбастап ажалға,
Туған жерге қайтпай қалған қыршындар!
Қадірбек Өмірбайұлы 1960 жылы 2 тамызда Кобяково (қазіргі Дәулеткерей) ауылында дүниеге келді. Ата-анасы Өмірбай, Нұрғаным Жәнешовтер қарапайым кеңшар еңбеккерлері еді. Қадірбектің екі жасында әкесі дүние салады. Ол 1967 жылы Кобяково ауылындағы «Пионер» 8 жылдық мектебінің 1 сыныбына оқуға қабылданып, 1977 жылы Орлы орта (қазіргі Манаев атындағы) мектебін бітіріп шықты. Жақын туысы Шапиғолла Қабдешұлы Қадірбекті көп нәрсеге үйретіп, болашақ өмір жолына ағалық кеңестерін беріп, тәлімгері бола білді. Сол кісінің кеңесімен аудандағы СПТУ 12 училищесіне 8 айлық курсқа қабылданып, тракторшы-жүргізуші мамандығын алып шықты. Тағы да Шапиғолла ағасының көмегімен «XXV партъезд» атындағы кеңшарда алған мамандығы бойынша еңбек жолын бастады.
Жасындай жарқ еткен жанның әскерге шақырылғанын айтқан күнді Шапиғолла ағасы кезінде былайша еске алған екен. «Гараждан кеңсеге қарай кетіп бара жатқанмын. Маған қарсы бір трактор келе жатты. Басында жүргізушіге мән бермедім, кейіннен кабинада Қадірбек екенін байқадым. Ол тракторынан түсіп, менімен құрметпен амандасып, әскерге шақырту алғанын айтты. Маған разылығын білдіріп қоштасты. Мен де онымен жәй ғана қоштаса салған едім, әттең, сол кезде оның менімен соңғы кездесуі екенін сезбедім. Осы өкініш жүрегімнің жан жарасына айналды, себебі ол менің туғанымдай болған еді»
1979 жылдың мамыр айында Қадірбек Өмірбайұлы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Ленинград қаласы маңындағы әскери бөлімшеге түседі. Ол кезде тракторшы мамандығы барларды танк полкіне жіберетін. Алты айдан кейін алғашқыларлардың қатарында Ауғанстан жеріне аттанды. Ленинградта жүргенде Қадірбек анасына жиі хат жазып, жағдайын айтып тұратын-ды, ал, соғысқа кеткенін ол жасырып қалды. Хатта да сиректеу жазып, тек амандықты білдіріп отырғандықтан анасы оның қанды қырғынның ортасында жүргенін білмеді.
1980 жылы 26 сәуірде 20 жасқа жаңа толған Қадірбек ерлікпен қаза тапты. Оның денесі туған жеріне жеткізіліп, Жұмекен ауылында жерленді. Ауған жеріндегі ерлігі үшін қаза тапқаннан кейін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Бұл қаза анасына орны толмас қайғы болды. Ұлынан анасына не қалды? Бейіттегі төмпешік пен қораптағы ордені ғана. Анасының жүрегін жылытатын, баласын еске салатын, міне, осылар еді. Тамұқ отынан оралғандар ата-аналарымен қауышып, бейбіт өмірге араласты. Қандыкөйлек қаруласының анасына сәлем беруді, Қадірбектің бейітіне тағзым етуді өзінің борышы санаған қырғыз жігіті Әли қазақ жеріне келді. Бұл кездесуді Нұрғаным әжей ерекше бір тебіреніспен еске алып отыратын. «1986 жылы Қадірбектің қарулас досы, капитан шеніндегі Әли деген қырғыз жігіті келді, тегін, өкінішке орай ұмытып қалдым. Ол маған қайсар батырдың анасын көруге келгенін айтты.
Біз екеуміз ұлым жайлы көптеген естеліктерді еске түсірдік. Мен оған Қадірбектің қызықты балалық шағын әңгімелесем, ол маған ұлым екеуінің әскердегі сәттері туралы айтып берді. Әли маған соғыста ұлымның оны үш рет құтқарғаны туралы айтты. Халық алдына шығып сөйлеген сөзінде ұлымның жауынгер достарын ажал аузынан құтқарып қалу үшін өз жанын пида еткенін айтқанда, баламның жасаған ерлігі үшін кеудемде мақтаныш сезімі пайда болды. Мен ол балаға шексіз ризамын және де ұлымның есімін жадыларынан шығармай сақтап жүрген қайырымды адамдарға да алғысым шексіз» деген еді.
Сыныптасы Хамзин Идаяттан бала Қадірбек туралы естігенім көп мағұлматқа қанықтырады:– Мен Қадірбекпін 1976-1977 жылдары Орлы мектебінің жатақханасына жатып, 9-10 сыныпты бірге оқыдым. Тентектігі жоқ шашы бұйра, келбетті жігіт болды. Сабақты орта деңгейде оқыды. Бала кезінен әскери мамандыққа құмар, «шагать» етіп, біздерге «есть товарищ командир!» деп честь беріп жүретін қызықты кездері есте. Теледидардан тек соғыс туралы киноларды көретін. Оның сүйікті кейіпкері «Четыре танкиста и одна собака» фильміндегі поляк жігіті танкист Януш болатын. Біз сол Януштың атымен оны «Янко келе жатыр» деп айтатынбыз. Демалыс күндері клубқа кино қарауға барғанда соғыс туралы болса тіптен әсерленіп кететін. Клубтан қайтқанда екі топқа бөлініп, «советскийлер» мен «немістер» болып жатаханаға жеткенше атысып ойнап келетінбіз. Ауылымыз көрші, ол Өлеңдіде, мен Жаңа ауылда тұрдым. Сабақтан кеш қайтқанда тас қараңғыда қамысты жермен өткенде, бала болса да ол еш қорқуды, сескенуді білмейтін,– деген ол ендігі кезекте оның есімін туған ауылындағы мектепке беруді жоғарғы жаққа ұсынуды Қадірбектің сыныптасы, әрі жолдасы ретінде парызым деп есептейтінін жеткізді.