«СЕРПЕР» – АТЫРАУ ӨҢІРІНДЕГІ АУДАНДЫҚ ГАЗЕТТЕРДІҢ АҒАСЫ. МІНЕ, АЛДАҒЫ ҚАРА ШӨПТІ ҚАЗАННЫҢ ЖЕЛІ ҚАҚҚАН ҚОҢЫР КҮЗДЕ ӨЗІНІҢ 95 ЖАСЫН АТАП ӨТКЕЛІ ОТЫР. АУДАН АЙНАСЫНЫҢ ДҮБІРЛІ ТОЙЫМЕН ҚАЛЫҢ ОҚЫРМАНЫН, ҮЛКЕНДІ-КІШІЛІ ҚАБЫРҒАЛЫ ҚАЛАМГЕРЛЕРІН, БҮГІНГІ РЕДАКЦИЯ ҰЖЫМЫН, АЛДЫН АЛА АҚПАРАТ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАП ОТЫРҒАНЫМ. ЕЛІМІЗ АМАН, ЖҰРТЫМЫЗ ТЫНЫШ БОЛЫП, СОЛ КҮНГЕ АМАН ЖЕТУ БАҚЫТЫ БҰЙЫРСЫН!
«Серпер» жолбасшылық орнынан қай кезде де төмендеп көрген емес, қазір де солай. Бірақ бүгінгі заман талабы басқа, біздің «жас тілші» кезімізде жеке адамдардың құттықтау-жарнамаларына, ақысын төлеп құлаш-құлаш өмірбаяндық мақалалар беруге мүлде рұқсат жоқ еді. Қазіргі шақта еліміздің ортақ заңына сыйымды ма, ақшасын төле де бастыра бер. Аудандық газеттер де, басқа газеттер де «Өз күніңді – өзің көр» қағидатымен өмір сүруде. Мемлекеттік саясатты насихаттаған тақырыптарына облыстық бюджеттен де мөлшеріне сай қаржы бөлінеді.
«Серпер» газетінде небір қуатты қаламгерлер жұмыс жасап, таралымның көп болуына, мазмұны мен сапасын төмендетпеуге белсене атсалысқан. Редакцияда кезінде Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы болғанын айғақтайтын Мәскеуден табыс етілген бірнеше дипломдары әлі күнге сақтаулы.
Осы газетте 40 жылға таяу жұмыс жасап, оның 26 жыл басшысы болдым. Кешегі тоқырау аталған жылдарда айлық табыс уақытылы қолға тимей қиналып жүрсек те, журналистикаға адалдығымызды танытып, оны тастап кеткеніміз жоқ. Дұрыс автокөлігіміз де болмай, мен редактормын, иә, корректормын демей газетімізді кезектесіп Атырауға «Зип» дискетімен апарып, сондағы жекеменшік құрылым «Ақ Жайық» баспаханасынан бастырып, қолымызды жіпке қиып жүрген күндеріміз – мамандығымызға деген адалдығымыз. Әйтпесе, бүгін шындығын айтсам, ақшалы, пайдалы жұмысқа шақырған жерлер болды ғой, әрине!
Өзіммен бірге ұзақ уақыт бойы сол жылдарғы қиындықтарды бөліскен, ағалы-інілі сыйластықтың арқауын үзбеген әріптестерім Мадат Сәрсекеевті, Асқар Ғұмаровты, Нұрым Ерғалиевті, Айбек Нәжімовті, марқұм Сағынтай Қуанышбаевты, қазіргі Атырау облысына белгілі асаба, педагог Абат Сисенәлиевті, марқұм Уалитхан Сәрсеновті журналистік мамандықтың нағыз қаһармандары деп бағалаймын. Жазу стильдері өзгерген, өмірбаянды ғана қуып кетпей, суреттеме, очерктеріне прозаның элементтерін енгізе қалам сілтейтін осы әріптестерім газет тиражының сол ауыр жылдарда 5 мың данадан кемімеуі, сапасы мен мазмұнының артуы үшін бар қиындыққа кеуделерін тосты. Газетіміздің жетістіктері облыс әкімдігі, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің ұйғарымына сай журналистер даярлайтын оқу орындары студенттеріне, ұстаздарына кітапша болып басылып таралғанын неге мақтаныш тұтпасқа?! Жаңылсын Қадырғалиева жерлесіміз бастаған Атырау университетінің бірнеше журналистік бөлімнің студенттері «Серпер» газетінен диплом қорғаса, ол газеттің еңбегіне орай тапқан беделі емес пе?! Айта берсе, қинала жүрген күндердің қуанышы да жаныңды нұрға бөлейтіні рас. Аз-мұз өз еңбегім, сол жылдарғы әріптестерімнің төккен тері еленіп жатса, ол тектен-текке емес, адал еңбекпен келген абырой деуге әбден құқылымын.
«Серпердің» бүгінгі буынына да – жарайсың! Облыстағы тиражы ең алдыңғы басылым, мұнысымен және талапқа сай шығуымен республикада алдыңғы орында. Қызметкерлері аз болса да, өз саласының көнтерлілері. Шығармашылық табыстары да қомақты. Қанат Ғұмаров Қазақстанға танымал қаламгер, детектив жанрының республика бойынша бірнеше дүркін жүлдегері. Редактор Айнагүл Шакупова да республикалық, облыстық қаламгерлер арасындағы сайыстың бірнеше дүркін жеңімпазы. Екеуінің де шығармашылық дүниелері аса талғампаз «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып келеді. Өткенін ұмытпайтын шәкіртім Қанат Зарлыханұлына құрметім шексіз. Айбек Нәжімов денсаулығы сыр беруіне қарамастан өз ісіне әлі күнге тұқана. Гүлдана Бралиева, Ақмарал Оразғалиева, Қуаныш Зайыров, Аман Бисалиев – ортақ мүдденің шынайы жанашырлары. Газет ауқымына қарай өткенді шежірелеп, көсіле түсуге мүмкіндік болмады.
95 жасың ғасыр көкжиегімен астасып, басыңнан бағың таймасын, менің де басыма бақ үйірген «Серперім!»
Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ,
«Серпердің» байырғы бас редакторы,
«Ерен еңбегі үшін» медалі, «Құрмет» орденінің иегері