«Басына түспей, түсінбейді»

(1 Vote)

Әлем қауіпті індеттің құрсауынан құтылар емес. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде ауру жұқтырғандардың саны қайтадан күрт өскен.

Көзге көрінбейтін «күйдіргі» коронавирустың таралуына байланысты еліміздің кей өңірі «қызыл аймақтың» қатарына қосылды. Десе де, жағдайдың осынша ушығуына дұрыс ден қоймай, әлі де алаңсыз той тойлап жүргендерге тіпті таң қалуды қойдық. Сақтық шаралары қанша күшейсе де, санасында жоқ болса, пенде шіркіннің бірнәрсенің парқына жетуі қиын екен ғой. Көз алдында өтіп жатқан келеңсіздіктерге көңілі сенбейтіндер ойда-жоқта сан соғып, сабылысқа түспесін деген ниетпен Құрманғазы ауылының 65 жастағы тұрғыны Клара Фазылова өткен жылы өз басынан өткен ауыр жайтымен бөлісті.

Әңгіме барысында ол дүние жүзін дүр сілкіндірген тәжтажал індеті жайлы құлақдар болған сәттен бастап тиісті талаптарды бұзбай, барынша сақтай білгенін алға тартты. Тек бір мезгіл зейнетақысын аудан орталығындағы банкоматтан алуға шыққанда, мұрнынан қан кеткенін байқайды. Мазасы қашып, үйге асығып жеткенде, тамағын қысқан шөлден салқын суды қалай сіміріп алғанын аңдамайды. Міне, «бәленің» бәрі осыдан басталады. Тамаққа еш тәбеті тартпағасын ас-сусыз әл-дәрмені құрып, бүкіл денесін қызу шарпып, кеудесін қысқан жөтелден тыныс алуы қиындайды. Хәлі күннен-күнге нашарлап бара жатқан соң, өз бетімен емделудің еш пайдасы жоқ екенін түсініп, дәрігерлерге хабар береді. Рентген нәтижесінде, коронавирус инфекциясы бойынша оң нәтиже көрсетіп, оның үстіне өкпенің қабынуы тағы бар, шұғыл түрде жедел-жәрдеммен Атырау қаласындағы емханаға жеткізіледі. «Ол кезде дертіне дауа іздеп, дел-сал күйге түскендердің саны өте көп еді»,-деп еске алады Клара апамыз. Емханада орын болмай, дәлізінде деміккендерді өз көзімен көрген. 10 күн бойы ақ халатты абзал жандардың асқан жауапкершілігімен үздіксіз қадағалауда болып, қажетті ем-дом шараларын қабылдайды. Осылайша, ең алдымен өмірге деген шексіз құштарлығы, бойдағы қайтпайтын ерік-жігері мен медицина қызметкерлерінің біліктілік қасиеті арқылы қалыпты қалпына қайта оралады. Үйіне келген соң да, ерекше күтімде болады.          

Орын алғанына жылға жуық уақыт өткен бұл оқиғаны бір сәт ойына алса, жаны кері түршігіп, жамандықтың артынша жақсылығын төккен Жаратқанына зор алғысын жаудырады кейіпкеріміз. Қай кезде де бүйрегі бұрып тұратын барша Отандастарын ойнап жүріп от басып, опық жемес үшін тезірек ойға келіп, белгіленген сақтық шараларын мүлтіксіз орындауға шақырады.

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521