Қазақстанның даму жолында мемлекеттік қызметтің қосар үлес салмағы ерекше.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап халыққа қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік қызметті қалыптастыру міндеті қойылды. Соған сәйкес заман ағымына қарай бұл бағытта әр кезеңде реформалар жүргізіліп отырылды. Бүгінде мемлекеттік қызметшінің жағымды бейнесін қалыптастыру және сол арқылы ел дамуына сапалы үлес қосудың кешенді істері қолға алынуда.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс барысындағы басты құралы – Әдеп кодексі, ол – жауапкершілік жүгін арттыратын, талаптар ауқымын белгілейтін маңызды құжат. Моральдық-этикалық келбетті ғана емес, өзін-өзі ұстау мәнерінің базалық стандарттарын бекітеді. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің күнделікті жұмысында қарапайымдылық, әділдік, адалдық сынды принциптерді ұстануы керек. Азаматтармен қарым-қатынас жасау кезінде сөйлеп отырған адамның сөзін бұзбай, өтінішін мұқият тыңдап, барынша шешуге жұмыстануы қажет. Жасы үлкен адамдарға, ардагерлерге, мүгедектерге ізгі ниетпен қарау, оларға қажетті көмекті көрсету қағидалары сақталуы тиіс. Жұмыстан тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық әдептілік нормаларын ұстанып, қоғамға жат мінез құлық, оның ішінде көпшілік орындарда адамның қадір-қасиетіне және адамгершілігіне нұқсан келтіру жағдайларына жол берілмегені жөн.
Мемлекеттік қызметшілер алдына келген адамның мәселесіне жете мән беріп, шешіп беруге ұмтылғаны дұрыс. Кез келген адамды тыңдай білу және кеңдік көрсету ең алдымен адамның саналылығын білдіреді. Жүректерге жол табу, кісінің көңілінен шығу – қазаққа тән қасиет десек, халқымыз кең де көркем мінезімен көп нәрсені оңтайлы шешіп отырған. Сондықтан халыққа қызмет етудегі басты ұстаным – қарапайымдылық, әділдік пен адалдық болуы керек.
Әділбек НӘЖЕТОВ,
Сафон ауылдық округінің бас маманы