Баспана сыйлаған еріктілер

(0 Votes)

Бүгінде «еріктілер»  сөзі қайырымдылықпен ассосацияланады. Ал, волонтер болу көптің қолынан келе бермес дүние іспетті.

Себебі, ешбір ақы бермейтін жұмыста өзгенің жоғын бірге жамап, ойсырағанын толтырасың. Жетпеген тұсын жетілдіруге жұмыстанасың. Қазіргі таңда аудан бойынша ерікті топтар саны артқан. Құрамының басым бөлігі – жастар. Жаны жомарт, жүрегі кең олардың жасаған ісіне, атқарған еңбегіне тамсанбай  қоймайсың. Сан көңілді қуантып, әр мұқтаждың қуанышына бірге ортақтасып, баспана әперуде ерлеп жүргендер де осы ерікті топтың мүшелері. Газетіміздің тұрақты оқырманы, Хиуаз ауылының тұрғыны Жанаргүл Сабыржанқызы 1 Наурыз «Алғыс айту» мерекесі қарсаңында жылы төсегі мен алаңсыз өміріне себепкер болған «Құрманғазы» және «Иман жастары» еріктілер тобына шексіз ризашылығын білдіргісі келеді. Жанаргүлмен өткен сұхбатымыз төменде:

  • Жанаргүл Сабыржанқызы, «Құрманғазы» еріктілері сіздің отбасыға пәтер кілтін табыстағанына да бір жыл уақыт өтті. Қазір қалайсыздар?
  • Кезінде жұмыссыздықтың тауқіметін шегіп, өзгенің үйін жалдап, суы мен жылуы жоқ үйде тұрған күндеріміз әлі көз алдымда. Қабырғасы жарылған пәтер, қар мен жаңбыр жауған кездегі ылғал бөлмелер, отын тасып, күл шығарумен өткен шақтар. Бәрі-бәрі... Ендігі жағдайымыз жақсы. Балапандарым да мектепке бару үшін автобус күтпейді. Үйден қатынайды. Шаруамыз шыға қалса, орталықтамыз. Шешімі тезірек табылады. Бұрын аз ғана жалақымыз пәтерақыдан арылмаса, бүгін сол ақшамызға керегімізді толтырып отырмыз. Жып-жылы шаңырағымда үздіксіз беріліп тұрған ауыз суы бар. Газ да тартылды. Электр жарығы да себепсіз өшпейді. Өзгенікі саған бәрібір өзіңдей болмайды ғой. Кіріп-шықсам да баспанам өзімдікі. Бұл күніме шүкір.
  • Қуанышты күндеріңіз көп болсын! Ал, осы үйді алу үшін арнайы орындаға өтініш берген бе едіңіз?
  • Рахмет. Біз осы уақытқа дейін Жаңаталап ауылдық округіне қарасты Шағырлы елді-мекенінде тұрдық. Басқаның баспанасын сағалап жүрген соң, ауыл әкімі Олжас Тәжібаевтың қабылдауында болып, мәселемді айттым. Өтінішімді қабылдап, арада он күн өткен соң жаңа пәтердің кілтін табыстайды деген қуанышты хабарды естідік. Кейін, өз үйімізге кіргенше күн санадық.
  • Жарқын күндеріңізге себепші болған жандарға айтарыңыз....
  • Баспана табыстар сәтте тек мен ғана емес, есіктес көршім де шат-шадыман болған еді. Бір күнде екі отбасы шаңырақтың иесі атандық. "Көрші ақысы – Тәңір қақысы" дегендей, мереке не туған күн, басқа да жиындарда әрқашан бір-біріміздің дастарханымыздан табыламыз. Ал, осындай біз секілді пәтерге мұқтаж болғандардың әрқайсына үй әперуден тайсалмай, елден қаржы жинап, демеушілер іздеуден шаршамаған "тамырсыз туыстарыма" үлкен алғысымды, зор ілтипатымды білдіргім келеді. Сауапты істен құр қалмай жүрген оларға әр күні ризыққа толсын деген тілегім бар. "Құрманғазы" еріктілерінің жасаған жақсылығы бізден қайтпаса да, Алладан еселеп қайтсын,- деп разылығымды танытқым келеді.

 

Жайдарлым Қайреден

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT