Бас имам жастармен кездесті

(0 Votes)

Алтынбек қажы Ұтысханұлы «Темірәлі» мешітінің жамағатымен, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледждің жастарымен кездесті.

Бас имам жастармен кездесті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша бас имамы Алтынбек қажы Ұтысханұлы өңірімізге жұмыс сапарымен келіп, аудан әкімінің қабылдауында болып, «Темірәлі» мешітінің жамағатымен, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледждің жастарымен кездесті. Оқу орнының мәжіліс залында өткен басқосуды ашқан аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жалғасбай Шамбузов ашып, сөз кезегін дін қайраткеріне жолдады.

img_7493

Жақында ғана Атырау облысы бойынша бас имам лауазымына тағайындалған Алтынбек қажы ислам дінінің ерекшеліктері, Құран Кәрім аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінің басым көпшілігі адамзатты ынтымақтастыққа, өзара түсіністікке, сүйіспеншілікке және ата-ананы ардақтап, сыйлауға шақыратындығын кеңінен айтып: - Жаңа қызметіме кіріскелі бері аймақтың 4 ауданын аралап, жұртшылықпен кездестім. Дінімізді дәріптеумен қатар, әлемде алаңдатарлық ахуалдың орын алып отырғаны белгілі. Әлемде орын алып жатқан оқиғаларды салыстырып қарасақ, біздің шүкір ететін жағдайымыз бар. Ең бірінші шүкір ететін дүниеміз – тәуелсіздігіміз. Оның бастаптқы жылдарында елімізде небәрі 68 мешіт болса, қазіргі таңда оның саны 2500-ға, ал Атырау облысында 35-ке жуықтады. Республика бойынша 3000-ға тарта, мұнайлы аймақта 75 діни қызметкеріміз бар.

img_7496

Тәуелсіздік таңы атқан тұста елімізде бірде-бір медресе болмаса, бүгінде оның саны 9-ға жетті. Сонымен қатар, Алматы қаласында Нұр-Мүбәрак египет-ислам университеті ашылып, ол жерде Мысырдан профессорлар, ғалымдар келіп дәріс беруде. Мұның бәрі егемендік алғаннан кейін діни тұрғыда жеткен жетістігіміз. Кез келген мемлекеттің болашағы жастармен байланысты. Олардың иманды, ибалы тәрбие алғаны, еліміздің дамуына, көркеюіне бірден-бір септігін тигізеді. Тағы бір жаңалық – мешіттеріміздегі жамағат қатарының 99 пайызын бүгінде жастарымыз толтырып отыр. Қазақта «Иманды елді жау алмас» деген керемет сөз бар. Яғни, елдің ел болуын халқымыз сеніммен, иманмен, тәрбиемен байланыстырып келген. Демек, ендігі міндет асыл дінімізді шариғи, ғылыми тұрғыда дәріптеп, исламның өркениет бастауы екендігін насихаттау болмақ»,- деді Алтынбек қажы.

Шараға қатысушылар көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптарын алды.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521