Инклюзивті кабинеттер ерекше балалардың білім алуына көп көмегін тигізеді. Арнайы жасақталған бөлмеде мүмкіндігі шектеулі балғындардың бұрынғыыдай үйде жалғыз отырып емес, мектеп қабырғасында, өз тұрғыластары ортасында басқа балалармен тең дәрежеде білім алды.
Өткен жылы Абай атындағы жалпы орта мектепте, З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатында демеушілердің көмегімен инклюзивті кабинеттер ашылса, биылғы «Балалар жылы» аясында ауданның бес мектебінде бюджет қаражаты есебінен іске қосылғалы отыр. Аудан бойынша 288 ерекше білім беруді қажет ететін оқушы болса, соның 95-і қазіргі таңда инклюзивті білім алуда.
Өткен бейсенбіде Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектептебінде 3392857 теңгенің инклюзивті, 10599993 теңгенің STEM технологиясы сыныбы ашылды. Ашылу рәсімінде аудан әкімі Марат Мурзиев мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан кең қолдаулар көрсетіліп отырғанын атап өтіп, оларға білім беретін педагог-психолог мамандардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Мектептегі 6 ерекше баланың ата-аналары атынан Мейрамгүл Сариева сөз алып, бұл қамқорлық үшін разылығын білдірді.
STEM зертханалық кабинетінің жабдықталуымен, онда білім алып жатқан оқушылардың жетістіктерімен танысқан аудан басшысы ғылым, технология, инженерия, математика саласын бір арнаға тоғытып оқытудың болашағы зор екеніне тоқталды. «Бұл - білім берудегі жаңаша бағыт, еліміздің болашағы – цифрлық технологияда» деп, бүгінгі шәкірттер арасынан алдағы уақытты қазақтың Джобстар, Гейтстері шығуына тілеулестігін білдірді.
Сол күні Ә.Сәрсенбаев атындағы мектепте де инклюзивті кабинеттің ашылуы болды.
Айбек ӘНУАРҰЛЫ