Бар екен, барып қайттым (Қаз-қалпында)

Рейтинг: 5 / 5

Кең дүниені қарауылсыз түрмеге айналдырған, үрей мен күдік жүздірген осы бір «тәжтажал» және оның ажырамас бөлігіндей «өкпе қабынуы» жаныма жақын адамдарды жағалай жалмап алса да, құдайы шындығым, көңіл түкпірінде «сол өзі бар ма?» деген күмәнді ой қылаң беретін.

Соны сезгендей, «көрсетейін саған да» деп, көресіні көрсетіп тынды. Желіктірер жиын-той, ішпес-жемесіңе қоймайтын қонақтық сирексіген, көшеге шығып келгенің болмаса, омалып үйде отырасың. Қайдан жабысты?

Аяқ асты ұнжырға ұндай жентектелді. Қызу көтерілгендей ме, ештеңеге зауқың жоқ. Тық-тық жөтеліп қоясың. Сазгер Илья Жақанов аға «Зәуреш», «Бір кезде Ақан едім аспандағы...» екі кітабына қолтаңбасын түсіріп, жолдапты. Рецензия жазғанымды қалайды. Бұйығы көңілде «Зәурешті» бір-ер күннен асырмай бітіріп, ағаның өтінішін орындауға кірісіп келіп кеттім. Ауқаттың орнына ауа сіміресің. Қызу көтеріліп, жөтел жиілеп, өз-өзіңе келе алмайтындай көңіл-күй қалыптаса бастады. Бір пәлені сезгендей «Зәурешті» жеделдете жазып он-шақты беттен асырғанда, жағдай мүлде қиындай түсті. Аяқтауға мүмкіндік ала ма, алмай ма? Өрісін шектеп, шолақтау қайырып, орта көңілде бітірген болдым. Компьютерден өткізіп, ағама салып жібердім.

Тағы да мойынға алған шаруалар көп еді, бірақ, беймәлім сырқат төсекке сұлатып салды. Жазу үстеліме сәл отырсам болды, «демалағой, тек жат» деген беймәлім әмір беріледі. Қысқасы, мен- мен емеспін, кержалқау, дімкес, біреумін. Сөйтіп, аптаның үстінде уақыт үйде өтті. Ертеңді-кеш салдырған «Цифозилин», «Алоэ» т.б. дәрілердің көк түйір қауқары жоқ. «Тамақ іш» дейді, қайдағы тамақ, көргің келмейді. Бір бокал қара суды бөліп-бөліп ішесің, әл кетті, ындын тоқтады. Қиналып жатқаныңда, «арағыңды ішесің бе?-дейтінін қайтерсің. Ес жия алмас сәтте ескі достан да безінеді екенсің, қайран дүние!

Осыны жазғым-ақ келмеп еді, «өзгелерге сабақ болсын, жазып беріңіз» деп тық-тық етіп болды ма... Қысқасы, әлгі «ит аурудан» тексерілетін жерге бардық, рентген қорытындысы алғашында таза нәтиже көрсетіп, ондағы ағайын інішек: «Ой, аға, тамағыңды ішіп, жата бер үйде, жазыласың, жай тұмау шығар»,-деді. Сөйтіп көрдік. Сүліктей жабысқан сілімтік сырқат кетер болмады. Әл-дәрменді құртты 2-3 күнде.

Қайыра алып барды әйелі түскір, бармасыңа қоймай, жеңнен жетектеп. «ПЦР» ғой деймін тексеріс атауы, мұрынды шұқыды, болды, ертеңіне анализ «Положительный» болып өзіміздің жаңа ауруханадан бір-ақ шықтық. Абай атам айтқан «ақ киімді денелілер...» елпілдеп ұшып жүрген айналайындар, қай-қай сырқаттан да аянып қалып жатырған олар емес. Жұдырықтай шөлмектердің бірінен соң бірін құяды. Алынған анализде қисап жоқ, қар мен құйрық сенің меншігің емес. Кейбірін шырамытасың, көбісін танымайсың. Бастан-аяқ аппақ адамдар, көздері жылтырайды, ол да көзәйнектің ар жағында.

Үш күн өтті, есімді жиғандаймын. Тілім кәлимаға келіп, құлқын құлата қоймағанымен бір нәрселер өткізе бастады. Көзім жарқырап ашылып келеді. –Аға, сіз енді Атырауға барасыз. Одан әрі тексеретін аппараттар сонда, давай жинақталыңыз, «жедел жәрдеммен» өзіміздің мейірбике алып кетеді,-деді.

  • Бармаймын, ары қарай сорпа-су ішіп үйден емделемін. Қасарысып қарсы тұрдым. Онымнан бірақ түк шықпады. Қорқытты, ақ киімді дәрігер әлде мейірбике.

Жақсы екен біздің «жедел жәрдемдегі» мені апарған інішек. Танып сәлемін беріп, мейірбике жып-жылы ілтипатымен жүрек жібітіп үш сағат жарымда заулатып алып келді. Нұрсаядағы жаңа, қызыл аурухана, екінші облыстық деген дәрежесі бар екен. Ақ киімді аузы-басы тұмшалылардың көкесі мұнда болып шықты. Ерік оларда, сен айтқанын орындаушы жаны бар робот.

Бір минут кідірткен жоқ, ұшқыштарды дайындайтын сияқты әйнекті бір аппаратқа баспен сүңгітіп келіп жіберді. Біраздан соң «ағай, шығыңыз, енді томографияға түсіреміз, сосын осы жерден түрлі анализ аламыз» деді. Әбден дағдыланған, осының бәріне жарты сағат уақыт кетті ме, кетпеді ме?

Жалғасы бар

Таңатар Дәрелұлы,

Қазақстан Журналистер, Жазушылар Одақтарының мүшесі

Соңғы жаңалықтар

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

logotype

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

“Серпер” ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлiгi Ақпарат
комитетінде 2018 жылы 16 мамырда тiркелiп, № 17103-Г куәлiгi берiлген.
Мекенжайымыз: Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Құрманғазы ауылы,
С.Көшекбаев көшесі, 25 үй.
Индекс 060400.
Байланыс телефоны: +77123321570, +77123321478.


Яндекс.Метрика