Балық шаруашылығының өзекті мәселелері қозғалды

(0 Votes)

Бірлік ауылдық округінде өткен табиғат пайдаланушылармен кездесуде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Аманғали Бердалин:

– Атырау облысында болған сапарында Президентіміз өңірде балық шаруашылығын дамытуды тапсырды. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап сол тапсырманы орындау мақсатында біздің министрліктің қарамағына Балық шаруашылығы комитетін берді. Қазіргі күні Қазақстанда 1 адамға 4 келі балық өнімінен келіп тұр. Ресейде бұл көрсеткіш 20-24 келі болса, Қытайда 42 келі. Бұл халық тұтынғысы келмегеннен емес, балық өнімдері тапшылығынан осылай болып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы 50 мың тонна, яғни, 75-90 млрд теңгенің балық өнімдерін сырттан импорттайды. Егер оны өзіміз шығарсақ, соншама қаржы үнемделеді. Сол себепті, Шортанбай балық зауыты жаңғыртылып жатыр. Мақсат біреу – ол импортты азайту.

Қай салада да өзіміздің өнімдерімізді пайдаланып, импортты ығыстыруымыз қажет. Соның ішінде Атырау облысының бұл жерде орны бөлек. Сала бойынша көрсеткіштерімізге келетін болсақ, 1 жылға 86 мың тонна лимит беріп тұрсақ, 11 айда соның 40 тоннасы иегерілген. Осының өзі біздің жұмысымды әлі де жетілдіре түсу қажеттігін көрсетеді. Тағы бір үлкен мәселе ол – субсидия беру. 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін ауыл шаруашылығы саласында бүкіл субсидияны қысқарттық. Әрине, бұл біздерді тексеретін органдардың ұсынысына байланысты жасалуда. Бірақ, балық шаруашылығы саласына беретін субсидияны қалдырдық. «Бұл сала дамып, оның өнімдерімен өзімізді толық қамтамасыз еткенге дейін тиісуге болмайды», дедік. Аграрлық несие корпорациясымен лезингке кеме алуға мүмкіндік беріңдер депте сөйлесудеміз. Тағы бір айта кететін жайт аквакультура туралы заң жобасы Парламентте бірінші оқылымда қабылданды. Енді екінші талқылаудан кейін Сенатқа барып, Президентке қол қоюға жіберіледі, – деп балық шаруашылығын дамытуды қолдап, жаңа нысандар салып, қажетті құралдар алуға көмектесіп отырған Атырау облысы әкімдігіне ризашылығын білдірді.ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін ардагер балықшылар Алмас Құбашев, Амангелді Мұратов, Халиолла Ахметовке табыс етті.

Балық шаруашылығының өзекті мәселелерін қозғаған «Каспий-Балық» ӨК –нің төрағасы Жұмажан Шакупов: – Түп-тереңдету жұмыстарына көңіл бөлінсе дейміз. Жылдан-жылға су азайып келеді. Балықтан өзге ауданда егін, мал шаруашылығы бар. Екінші мәселе балық шаруашылығы комитетінің бұйрығымен Каспий теңізінен тормен аулауға тыйым салынған. Соған рұқсат берілсе екен. Су тайыздауына байланысты балық аулауға қиындық келтіруде. Үшінші мәселе әр жылдың 1 шілдесіне дейін балық аулау лимиті бөлінеді. 2016 жылы лимитке ақша төлеуді бастаған кезде 15 теңге болған. Күні бүгін балыққа екі түрлі бағамен, ірісіне – 48, ұсағына – 15 теңгеден төлейміз. Бұл бағаны тұрақтандырмаса, ертең 100 теңге болса табиғат пайдаланушылар жұмыс жасай алмай қалуы мүмкін. 3 мың тонна лимит 25 теңгеден келсе біз 70-80 миллион ақшаны тек лимитке төлеуге тиіспіз. Одан бөлек салықтарымыз, жұмысшылардың жалақылары бар. Бір ғана «Каспий-Балық» ӨК-нен жылына 250 миллиондай ақша тек шығынға кетеді. Жыл сайын өсірмей бір бағада қалдырса бізге көмек болар еді. Келесі мәселе бекіре өсіру зауытына жылда ақша төлеп жүрміз. Қазір бір шабақтың өзіне бізден 150 теңге алады. Оған да жыл сайын 12 млн. теңге жұмсалады. Неге төлейтініміз өзімізге де түсініксіз. Енді бір мәселе балықты аулағаннан кейін зертханаға сынамаға тапсырамыз. 12 түрлі балықтың бір түрінің жалпы сомасы 60 мың теңгеге шығады. Кезінде 20-30 теңге еді, енді 50-60 пайызға дейін өсірген. Сонда 2-3 миллион ақша зертханаға жұмсалады, – деп осыны ретке келтіруді сұрады.

Бұл мәселеге орай облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Дюсалиев түсінік берді. Ауыл тұрғыны, мемлекеттік қызметтің ардагері Бауыржан Ақбанов түп-тереңдету, ірі сабақты мал азығына субсидия беруге қатысты сұрақтар қойды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министрі Аманғали Бисенбайұлы зертхана сынамасын төмендетуге, тормен аулауға рұқсат беруге уәде етті. Облыс әкімінің орынбасары Марат Бисенғалиұлы ірі сабақты мал азығына облыстық бюджетте қаражат болған кезде ғана субсидия берілетінін, биыл өр суы көп келуіне байланысты қазір оны төлеуге мүмкіндік жоқ екенін жеткізді. Кейбір сұрақтарға аудан әкімі Абат Жанғалиев жауап қайтарды. Табиғат пайдаланушылармен кездесуді Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қорытындылап, вице-министрге жағдаймен танысып, түсінік беріп жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT