Өткен аптада Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бұйрығымен «таза парақтан» реттеу шеңберінде кәсіпкерлік субъектілеріне жүктемені азайту және мемлекеттік қызметтерді алу рәсімін оңайлату мақсатында балық шаруашылығы саласындағы кейбір құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, балық аулау ережелерінен балық аулауды бекіту талаптары алынып тасталды. Енді кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асыратын тұлғалар ауланған балықтың көлемін аумақтық уәкілетті орган (Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы) белгілеген орындарда тіркеуге міндетті. Сондай-ақ, балық аулау ережелерінен әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүзеге асыру кезінде бір қармақтағы ілмектер санын шектейтін норма жойылды. Әуесқой балықшы сатып алынған қармақтарды кез-келген ілмектермен пайдалануға құқылы, өйткені, аталған ережеде ауланатын балықтың шекті салмағы 5 килограммды құрайды. Осыған байланысты ілмектер санын реттеу артық. Сол сияқты жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат беру ережелерінен ғылыми-зерттеу үшін аулауға рұқсат алу кезінде көрсетілетін қызметті алушыларға бейіндеуші ғылыми ұйымның ғылыми кеңесінің негіздемелерін бекіту жөніндегі талап та алынып тасталғанын хабарлаймыз. Осыған қоса, енді көрсетілетін қызметті алушы ғылыми-зерттеу жұмыстарына рұқсат алған кезде бағдарламасын ұсынуы жеткілікті. Бұдан басқа, аңшылық және балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметі туралы Үлгілік ережесін Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес келтіру мақсатымен оның да кейбір бөліктеріне өзгерістер енгізілді. Балық аулау ережелеріндегі аталған өзгерістер 2023 жылдың 20 ақпанынан бастап күшіне енеді.
Ғаділбек Уапов,
Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы.