Туған жерімізде сан-салалы өзендер ағып, суларында балықтың түр-түрі өседі. Оларды қорғау, қамқорлау, браконерлікпен айналасып, қара басының қамы үшін тұқымын тұздай құртып жіберуден тайынбайтындармен күресу ортақ міндетіміз.
Себебі, балық бүгінгі күнгі жеңсік асымыз ғана емес, келер ұрпаққа қалдырар қымбат қазынамыз!
Биылдан бастап АЕК өсуіне байланысты заңсыз балық аулаушыларға салынатын айыппұлдардың мөлшері де көбейді. Балықты рұқсат етілмеген жерлерден, тыйым салынған құралдармен, белгіленген мөлшерден артық әрі заңсыз аулағандарға ірі мөлшерде айыппұл салынып, қылмыстық, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын қаперге береміз. Әуесқой балықшылар осыны ескеруі тиіс.
Тағы бір еске сала кетер жайт– қысқы мұздың әлі қатып үлгермегені. Қазіргі мұз жұқа, көліктің салмағын көтеретін жағдайда емес. Кез-келген сәтте ойылып, қайғылы жағдайға ұшыратуы мүмкін. Ақпарат көздерінен ондай жағдайлар орын алып жатқанынан хабардарсыздар. «Сақтықта қорлық жоқ», демей ме, адам өмірге бір рет келеді, мұз үстіндегі қауіпсіздікке назар аударыңыздар.
Сөз соңында айтарым – қазір судың деңгейі төмен болғандықтан балық та бұрынғыдай көп емес. «Жығылғанға жұдырық», дегендей, бүгінгі қажетімізді ғана ойлап, ертеңімізге мән бермей, жаппай аулауға көшсек, өкінішке ұрынамыз. Сондықтан сіз бен біз болып балық қорын молайтуға атсалысайық. Мұны заңсыз аулаудан тыйылу арқылы жүзеге асырамыз.
Табиғат Хамзин,
Құрманғазы балық инспекциясы бөлімінің бас маманы.