“Таза Қазақстан – таза сана» атты театрландырылған көріністер конкурсында Азғыр полигоны мәселесі көтерілді.
Оқушылар арасында өткен байқауда аймақтағы өзекті мәселені қойылым арқылы жеткізген ауданымыздың Балқұдық жалпы орта мектебінің оқушылары байқаудың бірінші орнын қанжығалап, 100 мың теңге сыйақыға ие болды.
Байқауға облыс бойынша жалпы білім беретін мектептердің 5–8 сынып оқушыларынан құралған 11 команда қатысты. Олар сахнада Қазақстанның экологиялық мәселелерін, табиғатты аялау, тазалықты сақтау және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау тақырыптарын көрініс арқылы жеткізді.
Конкурстың басты міндеттері – оқушылардың экологиялық санасын арттыру, табиғатты қорғау мәдениетін насихаттау, шығармашылық қабілеттерін шыңдау.
⁃ Бұл конкурс – балалардың табиғатқа жанашырлығын көрсететін игі іс-шара. Ол экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Елімізде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында түрлі экологиялық жобалар жүзеге асуда. Табиғатты қорғау – келер ұрпақ алдындағы борышымыз. Барлық қатысушыға алғыс айтып, жеңімпаздарды құттықтаймын, - деді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Эльмира Сыдықова.
Әділқазылар алқасы қойылымдарды тақырыптың ашылуы, актерлік шеберлік, көркемдік безендірілу және көрерменге әсері бойынша бағалады. Нәтижесінде екінші орынды ұтқан Қызылқоға ауданы Жаңашаруа орта мектебінің «Жас талант» театры 80 мың теңге, үшінші орынды алған Құрманғазы ауданы Еңбекші жалпы орта мектебінің «Шың» жасөспірімдер театрының оқушылары 50 мың теңге сыйақыны иеленді.
Оқушылардың жетекшілеріне дипломдар және қалған командаларға 15 мың теңге қаржылай сыйлық табысталды.
Айта кетейік, конкурсты Атырау облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Арман асуы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.