Жайдарлы жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні биылғы Балалар жылы аясында ерекше сән-саланатпен аталып өтті.
«Бал балалық, балдырған шақ, сан арман» атты мерекелік шара «Балалардың күлкісі, көркі мен сәні әлемнің» тақырыбындағы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық топтарының шеруімен басталды. Демалыс алаңында қызықты сайыстар, түрлі ойын алаңдары, кітап жәрмеңкесі, қолданбалы өнер галереясы, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Мерекеге орай аудан әкімінің орынбасары Гүлнәр Хасановаға беріліп, «Балаларды қорғау күні қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға үндейтін мереке. Сондықтан бала қуанышын бағына балаған ата-ана үшін де, бар тілегі мен елдік мұратын балалармен байланыстырған мемлекет үшін де бұл мерекенің маңызы мен мағынасы зор. Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, ілгері ойлайтын мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Отбасынан басталған бақытты балалық шақтарың Отанның адал азаматы болуға жетелесін. Болашақтарың жарқын, аспандарың әрдайым ашық болсын. Елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болыңдар. Әрқашан жүздеріңізден күлкі, жүректеріңізден мейірім кетпесін» деген құттықтау сөзін арнады.
Аудандық білім беру бөлімі меңгерушісі Гүлфара Құбаева құттықтау тілегінен соң балалар арасындағы түрлі білім сайыстарының, дамыту және шығармашылық конкурстардың, өнер додаларының жеңімпаздарына Алғыс хаттар табыстады. Балаларды үлкен қуанышқа бөлеген шара үлкен концертке, көңілді серуенге ұласты.
Айбек МЕЙІРМАН