Барлық ата-ана баласын дені сау, саналы адам етіп өсіруді армандайды. Америкалық ғалымдар көп жылғы зерттеулерге сүйене отырып, баланың интеллектісі көп жағдайда білімнің саны мен сапасына емес, дұрыс тамақтануға байланысты деген қорытындыға келді.
Ғалымдар былай дейді...
Ғылыми экспериментке туғаннан 32 жасқа дейінгі ересектер қатысқан. Ерте жастан дұрыс тамақтанудың арқасында бұл балалар ең жақсы танымдық және интеллектуалдық қабілеттерін көрсете білген. Ғалымдар дұрыс тамақтану балалар миының дамуының белгісі болатынын және дұрыс тамақтануды қабылдаған балалардың интеллектісі ұлғайған сайын дамитынын алға тартады. Интеллект адамның эрудициясы мен тәрбиесінде байқалады. Олар шығармашылыққа, жаңаны жасауға және белгісізді білуге ұмтылады. 100 жылдан астам уақыт бұрын ғалымдар адамның интеллектуалдық қабілетінің дамуының негізі туғаннан үш жасқа дейінгі кезеңде қаланатынын анықтады. Бұл кезеңде баланың ойлау икемділігі жоғарылайды және оқуға дайын болады. Бала үш жасқа келгенде мидың дамуы 70-80 пайызды құрайды. Ал, сегіз жасқа келгенде ересек адамның миының қабілетінен еш айырмашылығы болмайды. Сондықтан туғаннан үш жасқа дейінгі кезеңде нәресте үшін дамып келе жатқан ортаны құру және дұрыс тамақтануды ұйымдастыру өте маңызды, ал жаңа білімге деген ұмтылыс оған табиғатынан тән болмақ.
Бала ағзасының дамуына және оның денсаулығына үнемі әсер ететін көптеген әртүрлі факторлардың ішінде ең маңызды рөл тамақтануға жатады.
Дұрыс тамақтану дегеніміз не және ол балаға қалай әсер етеді?
Дұрыс тамақтану – адамның денсаулығын, физикалық және рухани күш-қуатын нығайту мен жақсартуды, аурулардың алдын алуды және емдеуді қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі.
Балалардың дұрыс тамақтануы олардың толыққанды өмір сүруінің негізін қалайды, олардың өсуін, физикалық және психикалық дамуын қамтамасыз етеді. Сондықтан баланың жасы мен қажеттіліктерін ескере отырып мына ережелерді ұстанған абзал: бірінші, ата-аналар балаларымен бірге тамақтануы қажет. Себебі, олар сіздерді үлгі тұтады. Көбінесе біз ата-анамызға дене бітіміміз бойынша ұқсаспыз, ал егер сіз дұрыс және пайдалы тағамды жесеңіз, онда сіздің балаларыңыз «сіздің ізіңізбен» жүреді. Екінші, фаст-фудтан аулақ болу. Демалыс күндері немесе мереке күндері гамбургер немесе донер жегіңіз келсе де, өзіңізді де, балаларыңызды да бұл нәрседен аулақ ұстауға тырысыңыз. Үйде дайындалған тағам, мейрамханадан әлдеқайда дәмді әрі пайдалы болатынын балаларға ерте жастан түсідіру қажет. Үшінші, балаларды ұнатпайтын тағамдарды жеуге мәжбүрлемеңіз. Оларды мәжбүрлеу арқылы сіз олардың санасында “пайдалы нәрсенің бәрі дәмсіз” деген ой қалыптастырасыз. Керісінше пайдалы тағамды мейілінше қызықты мәзірмен ұсынған дұрыс.
Азық-түлік аларда аңғарыңыз!
Қазір дүкен сөрелеріндегі азық-түлікті де дұрыстап таңдаған абзал. Мысалы, бала өзін жақсы сезінуі үшін міндетті түрде құрамында темір, кальций, магний, лецитин, мырыш, Омега 3, D дәрумені бар тағамдарды таңдау керек. Балық және теңіз өнімдерінің құрамында мырыш, фосфор, омега 3 және басқа микроэлементтер көп. Егер баланың рационында мұндай тағамдар болса, ол оның дұрыс өсіп мен дамуына көмектеседі. Ал еттің құрамында ағзада түзілмейтін маңызды амин қышқылдары бар; олар бұлшықеттердің өсуі мен жұмысын қамтамасыз етіп, мидың дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет.
“Дені саудың - жаны сау”
Дені сау, еңбекқор ұрпақ өсіруде білімнен бұрын, дұрыс тамақтанудың да маңызын ұмытпағанымыз абзал. Қазақ халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған болса керек.
Жанна НҰРХАТОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті
IV курс студенті