Баланың қауіпсіздігі – басты назарда

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын оның төрағасы Жандос Бектемиров ашып жүргізді.

Алдымен күн тәртібі таныстырылғаннан кейін «Балалардың қыс мезгілінде мұз айдынында ойнау кезіндегі өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету» туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Т.Сансызбаев, АПБ ЖПҚб ЮПТ КТІ аға УПИ полиция подполковнигі  Ж.Бектемировтың хабарламалары тыңдалды. Олар 2020 жылы жасөспірімдердің арасында 45 оқыс оқиға орын алғанын, мұз үстінде қандай сақтық шараларын қолдану керектігі жөнінде жадынамалар таратып, үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылғанын қаперге берді. Комиссия төрағасы Ж.Бектемиров жүргізілген рейдтер барысында қанша балаға ескерту берілгенін сұрап, қиын жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтудің маңыздылығын алға тартты. Сонымен қатар, Телеграм желісіне де жұқа мұздың қауіптілігін ескерту жөнінде түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп, белсенділік танытуға шақырды. Аудандық прокуратураның аға прокуроры О.Иманғазиев Бірлік, Кудряшов ауылдық округтерінде сақтық шаралары үшін жаға бойына қойылған белгілердің ұрланғандығын айтып, оларды қайта қалпына келтіруді тезірек ұйымдастыру қажеттігін жеткізді. Күн тәртібіндегі аталмыш мәселеге орай Еңбекші, Құрманғазы ауылдық округтерінің әкімдері Р.Әмірханов, А.Муса хабарлама жасады. 

«Кәмелетке толмағандарды қосымша білім берумен қамту және оның желісін дамыту жұмыстары» туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева, балалар –жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубының директоры Н.Өтегенов баяндады. Мұндағы басты мәселе – Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебін жеке ғимаратпен, балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубын, жас туристер бекетін спорт кешенімен қамтамасыз ету. Облыстық, республикалық додаларда топ жарып жүрген оқушылардың спортқа, өнерге деген қызығушылықтары жоғары. Бүгінгі таңда ауданымыздағы қосымша білім беру ұйымдары 3026 балғынды қамтып отыр. Жас туристер бекетіне – 495, Д.Нұрпейісова өнер мектебіне – 270, Дәулеткерей атындағы балалар музыка мектебіне – 214, аудандық оқушылар үйіне – 660, балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубына – 1390 оқушы тартылып, олардың жанынан ашылған үйірмелерге қатысуда.  

А.Шакупова      

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521