25 қазан – Республика күніне орай «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында Ломоносов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Берік Әнесов пен Қарлығаш Қыдыршаеваның ұйымдастыруымен Еңбекші ауылдық округінде ерекше көңіл бөлуді қажет ететін, үйден оқитын балаларға арнап мерекелік концерт өтті.
Оған аудандық оңалту орталығының есебінде тұрған 21 бала мен олардың ата-аналары қатысты. Ломоносов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Берік Әнесов мерекемен құттықтап:
– Бүгін сіздерге Ломоносов орта мектебінің оқушыларының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынып отырмыз. Шарамызға демеушілік жасаған мектебіміздің қамқоршылық кеңесінің мүшелері Айбарша Қайсағалиева, Дәурен Марданов, Роман Рахимов, Динара Бисенғалиеваға ризашылығымызды білдіреміз. Осы балалар сіздердің үміттеріңізді ақтап, аман-есен өсіп кетсін,– деген ізгі тілегін жолдап, аудандық мүгедектерді оңалту орталығының басшысы Рүстем Нәсиболлаевқа Алғыс хатын табыстады.
Концерт үйден қызмет алатын балалар Әдемі Ерболқызы, Еркебұлан Қылышболаттың орындауындағы әндермен, Айзере Өтептің биімен басталды. Ломоносов орта мектебінің өнерлі оқушыларының әндері мен күйлері шараға ерекше шырай берді. Үлкен сахналардағы концерттен кем шыққан жоқ.
Қатысушы ата-аналар олардың өнерлеріне қол соғып қошеметтеп, қолдау білдірді. Соңында ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға «Әрқашан күн сөнбесін» деген жазуы бар тәтті торт ұсынылып, сый-сияпаттар жасалды. Аудандық мүгедектерді оңалту орталығының басшысы Рүстем Болатбекұлы қатысушы ата-аналар мен балалар атынан шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізіп, Ломоносов орта мектебіне Алғыс хатын ұсынды. Осылайша, мереке алдында қамкөңіл балалар мен оларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың көңілдері көтеріліп, бір сергіп қалды.
Қанат ҒҰМАРОВ