Балалар мектеп-интернатына орналастырылды

(0 Votes)

Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысын оның төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Н.Қалиев жүргізіп, күн тәртібімен таныстырды.

Хабарлама жасаған аудандық полиция бөлімі ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы А.Жексенбаева азаматша Жаңаталап ауылдық округінің тұрғыны А.В-ның үстінен жинақталған құжаттарды қаперге берді. Алкогольдік ішімдікті пайдалануға әуес келіншектің жолдасы, төрт баласы бар. Перзенттері алдындағы аналық борышын орындағысы келмейтін В. үйіне де келмей сыртта қонғанды құп көреді. Қоғамдық орындарда да масаң күйінде жүргені үшін полиция бөліміне де бірнеше мәрте әкелінген. Осы уақытқа дейін бір баласы З.Серікқалиев атындағы мектеп-интернатының арнаулы сыныбында білім алса, қалған үш баласы бірі апасының, бірі қайын апасының үйінде тәрбиеленуде. Бой жетіп қалған жасөспірім қызының бүгінгі жағдайына округ әкімі О.Тәжібаев, Алтынсарин атындағы жалпы орта мектеп директоры А.Қаменова, ювеналды полиция тобының қызметкерлері алаңдайды. Өйткені, оның үнемі көңіл-күйі жоқ, қатарластарынан өзін үнемі төмен санайды. Ал осыған дейін балаларының ақшасына күн көріп келген отбасындағы әке мен шеше өздіктерінен еңбек етіп, тірлік жасауға асығар емес. Округ әкімінің айтуынша, оларға бірнеше мәрте демеушілік жасалып, қоғамдық жұмыстарды ұсынған. Комиссия мүшелері балаларды З.Серікқалиев атындағы мектеп-интернатына орналастыру, наркологиялық есепке алынып, ішкілікке салынған келіншекті мәжбүрлі түрде емдету, оған көнбесе ата-аналық құқынан айыру жайлы ұсыныстарын айтты. Мәжілісте В-ға сөз берілді. Бірақ, ол қойылған сұраққа мардымды жауап бере алмады. Күйеуі ұра бергеннен кейін ішімдікке салынып кеткенін айтып ақталды. Өкінішке қарай, жүзінен балаларына деген ешқандай мейірім байқалмады. Комиссияда оның апасы, қайын апасы, жолдасы сөйлеп, аналық міндетін орындамай отырған В-ның дұрыс жолға түсуіне ықпал жасай алмай отырғандарын жеткізді. Комиссия мүшелері бұл мәселені өзара талқыға алып, балаларды мектеп-интернатына орналастыру, ерлі-зайыптыларды полиция қызметкерлерінің қадағалауына алу туралы шешім алды.

Күн тәртібіне сай АПБ жергілікті полиция бөлімшесі ювеналды полиция тобының аға учаскелік инспекторы Жарас Бектеміровтің кәмелетке толмағандардың арасындағы қоғамға қарсы әрекеттердің, маскүнемдіктің, уытқұмарлық пен нашақорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы хабарламасы тыңдалды.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT