Тәрбиенің негізі отбасында қалыптасады дегенмен мұнан соң балабақшаның да рөлі ерекше. Ал қазақ халқының салт-дәстүрінің, рухани ата-баба мұраларының тәрбиеде алатын орны зор.
Осы мақсатта КМҚК «Мерей» бөбекжай балабақшасында «Мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық құндылықтар арқылы тәрбиелеу» атты ата-аналар конференциясы ұйымдастырылды. Шараның алғашқы бөлімі бүлдіршіндердің мерекелік концертімен бастау алды. Жүргізуші балабақша психологы Л.Насипова күн тәртібіндегі мәселелерге тоқтала отырып, ұлттық құндылықтарды балалардың бойына жаңа әдіс-тәсілдер арқылы дамыту мәселелеріне жан-жақты тоқталып өтті. Ұлттық қазақи ертегілерді дамыту мақсатында топтарда жасақталған заманауи үлгідегі «Мобильді кітапхана» туралы тәрбиешілер А.Хажекенова, Г.Омарғалиева түсінік берсе, тәрбиеші Ғ.Бралиева мен дене нұсқаушысы Р.Хисина «Ұлттық ойындарды жаңа әдіс-тәсілдер арқылы көрсету» тақырыбында баяндай отырып, ата-аналармен бірлесе «Асық ату», «Тауып көр» атты қызықты ойын түрлерін көрсетті. Сонымен қатар «Көгершін» тобының бүлдіршіндері дайындаған айтыс өнері насихатталды. «Ұлттық киімдер сән-үлгілер» тақырыбы бойынша тәрбиешілер Г.Калымова және А.Сатханова өз жұмыстарын қорғап, «Тұлпар» тобының бүлдіршіндерімен бірге ұлттық нақыштағы киімдер мен әшекей-бұйымдардан сән көрсетілімін ұсынды. «Ұлттық құндылықтарды ойын-тапсырмалар арқылы үйрету» мақсатында балалармен жеке жасалатын жұмыстарға балабақша психологы Л.Насипова шолу жасады. Сондай-ақ әдіскер Б.Наурызбаева балабақша жанынан ашылғалы отырған «Жас аналар мектебі» туралы мәлімет беріп, жалпы жұмыстың жүру барысымен таныстырып өтті. Ал балабақша меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы Н.Абдулова 2022-2023 оқу жылындағы жеткен жетістіктерге тоқтала келе, аудандағы үздік балабақшалар қатарынан көрінгендігі туралы жаңалықпен бөлісіп, балабақшаның бүгінгі ахуалы туралы баяндады.
Балабақша медбикесі Р.Теміртасова, балабақша дәмбикесі Ғ.Бралина, балабақша есепшісі Ғ.Теміралиева өз жұмыстары бойынша ақпарат беріп, ата-аналар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Конференция қорытындысымен балабақшаның ата-аналар төрайымы мен мүшелері сайланды.
Сонымен қатар аталған жұмыстар бойынша ата-аналар өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісіп, көрсетілген жұмыстарға оң бағасын берді. Біз де балабақша ұжымы атынан ата-аналарымызға алғыс айта отырып, бірлескен жұмысымыз өз жалғасын таба берсін деген тілек айтамыз.