Ақкөл жалпы орта мектебінде «Бала тәрбиесіне байыппен қарайық!» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Мектеп директоры Арай Қаржауова күн тәртібімен таныстырып, алғашқы сөзді аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаеваға ұсынды.
- «Тәрбие басы тал бесік», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп айтылған дана сөздер текке айтылмаса керек. Балғынды тәрбиелеуде ата – ананың бір – біріне деген қарым — қатынасы, қалай сөйлесетіндігі, дастархан басындағы әдептілігі — бұның барлығы балаға әсер етеді. Бала үлкенге қарап өседі.
Ұлт тәрбиесі — ұлт болашағы. Кейін опық жеп бармақ тістемеу үшін оны қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысқан жөн.
Ұрпақты жанұяда дұрыс тәрбиелеу, оның мектепте жақсы оқуына, болашақта жақсы азамат болып шығуына үлкен ықпалын тигізеді. Еліміздің болашағы — ертеңгі тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ екені белгілі. Осы міндетті абыроймен атқаруларыңызға тілекшімін.
Құрметті ата — аналар, балаларыңыздың бойынан жат қылық көрсеңіздер, мұғалімдерді, жолдастарын, қоғамды кіналаудан гөрі, «Мен баламды тәрбиелеуде қай жерінен ағаттық кетті, баламның бойына жақсы әдет сіңіруде, жақсы тәрбие беруде қай жерден жаңылдым» деген ой түйсеңіздер екен пікірімен бөліскен Гүлфара Өтемісқызы
Жиналыс барысында мектеп инспекторы Арайлым Жексенбаева білім ошағындағы екі оқушы полицияның есебіне алынғандығын айтып, кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, болдырмау бағытында атқарылған жұмыстарды тізбелеп, соңғы кезде оқушылар арасында белең алған электронды темекі «Вейп» тарту, көлік жүргізу, түнгі мезгілде көшеде жүру сияқты фактілердің алдағы уақытта қайталанбауы қажеттігін ескертті. Иә, расында да электронды темекі – ертеңді күттірмейтін мәселе. Ұрпақ болашағын ойласақ, бүгінгі «вейпті» ермек көрген бала болашақта темекі темекіге тәуелділердің қатарын толықтырмасын десек, ертерек іске көшу керек. Аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова көтеріліп отырған мәселелер бойынша ата-ана, мектеп, бала болып үштік одақтың жұмысын әлі де жандандыра түсудің маңыздылығын айтып, өскелең ұрпақты зиянды әдеттен сақтау, ұнамды тәрбие беру жолдары жөнінде өз ойымен бөлісті. Еркін форматта өткен жиында ата-аналар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Айта кетейік, осы тақырыптағы жиналыс ауданның барлық мектептерінде кестеге сай жүзеге асырылуда.
Айнагүл Күнұзаққызы