Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейді дана халқымыз. Артымызға із қалдырып, ұрпақ сүю, яғни демографияға үлес қосу – баршамызға парыз.
Анығында елімізде сәбилердің көптеп дүниеге келуіне жағдай жасау жалпыұлттық жауапты іске айналып отыр. Өткен «Балалар жылында» Мақаш ауылында 51 ана 54 нәрестені өмірге алып келді. Оның 34-і – атқамінер болса, 20-сы – кестетігер. Әйгерім Сейтқалиева Саяна, Раяна атты, Бақытгүл Бимағанбетова Айназ, Шахназ есімді егіз қыздарын бауырына басса, Гүльзина Усаева Әліби Ахмад, Хамза атты шекесі торсықтай егіз ұлдарына жарық дүние сыйлады. Егіздерге бір жасқа дейін ана мен баланың дәрі қобдишасы және «Нутрилак» құрғақ сүт қоспасы тегін беріледі.
36 жыл еңбек өтілі бар акушер, «Мамандығына адалдығы үшін» төсбелгісінің иегері Інжу Ибраева босанған әйелдердің орташа жасы 20-40 жас аралығын құрайтынын айтты. Жұма Супуғалиева 42 жасында алғаш рет құшағында сүйкімді бөбегін тербеткен. Сондай-ақ, 8 әйел көпбалалы ана қатарын толықтырды. Ал, Ләззат Құбашева бірінші ұлынан кейін араға 12 жыл салып Алладан сұрап өмірге екінші перзентін әкелді. Көптен күткен қызғалдаққа Құбашевтар әулеті «Ханшайым» деген есім беріпті.
Алға дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Жарқын Абулхайров 2022 жылдың өте берекелі жыл болғанын алға тартты. – Жалпы өткен жылға өкпеміз жоқ. Жауапты жұмысымызды үлкен жетістіктермен, жоғары нәтижемен қорытындыладық. Қашанда басты байлығымыз – балалар. Бір жылда 54 сәбидің дүние дидарын көруі баршамыздың көңілімізге ерекше қуаныш ұялатты. Ана мен нәрестелердің жағдайлары жақсы, барлығы дін-аман, денсаулықтары үнемі қадағалауымызда. Періште ұл-қыздарымыз еліміздің жұлдызын биікте жағар абыройлы азамат боларына нық сенемін,-дейді Жарқын Ғалижанұлы.
Алақандай ауылымда жыл ішінде жер бетіндегі ең аяулы «ана» атын еншілеген 51 бақытты жанның біреуі – өзіммін. Қаңтардың 7-сі күні іңгәлап жер бетіне түскен құлыншағым бүгінде алғашқы жасына толып, тұсауы кесіліп, көз алдымда құлдыраңдап шауып жүр. Расында, дүниеде сәбидің сыңғыр күлкісіне жетер не бар?! Әр шаңырақты бөбектің былдыр үні, мейірім нұр-жылуы әлдилесін!
Еркеназ Қалижан