Балқұдық. Облыс әкімі Серік Шәпкенов Азғыр өңіріне сапары барысында Қоянды топтық су құбырының жұмысымен танысты. Мұнда 6 ұңғыма 9 елді мекенді қамтиды. Алайда, қазір біреуі- толық, екіншісі – жартылай жұмыс жасап тұр.
Жаңадан 6 ұңғыманы қазу үшін аудан әкімдігінде ЖСҚ жасақталып, қаржы бөлініп, мердігер мекеме анықталуда. Одан әрі аймақ басшысы Балқұдықтағы зоналдық ветеринария зертханасының жұмысын көрді. Аталған мекеме биыл тамыз айында қайтадан іске қосылған. Адам мен жануардың жұқпалы ауруларын анықтау үшін серологиялық әдіспен диагностикалық зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. 10 ветеринарлық маман қызмет етуде. Олар қызметтік көлікпен, ғимаратты көгілдір отынмен қамту, жаңа нысанға көшіру сынды проблемалық мәселелерін қозғады.
Балқұдық жалпы орта мектебінің ауқымы 700 шаршы метрді құрайтын шатыры 2022 жылдың шілде айында қатты желдің салдарынан ұшып кеткен. Аймақ басшысы Серік Жамбылұлы мектептің төбесіне баспамен шығып, зақым келген аумақты өз көзімен көрді. 2017 жылы білім ошағына соңғы рет күрделі жөндеу жүргізілген. Қазіргі таңда 301 оқушы бастауыш мектепте үш ауысыммен жаңа оқу жылын бастаған. Резервтен ақша бөлу жөнінде облыс әкімінің қаулысы шығып, конкурс жарияланды. Ол 16 қыркүйекте нақтыланып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспар бойынша қазан айына дейін аяқталады деп күтілуде.
1963 жылы салынған Балқұдық дәрігерлік амбулаториясында дәрі-дәрмек, жедел жәрдем көлігімен қамту мәселесі өзекті. Аймақ басшысы типтік үлгідегі емхана салудың жобасын жасақтауды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдувалиевке жүктеді. Сонымен қатар, емханадан арнайы тегін бөлме бөлініп, кәсіпкерге дәріхана ашуға мүмкіндік берілетін болды. Сол үшін кәсіпкерге дәрінің үстіне қосатын үстемені 5-10 пайыздан көтермеу талабы қойылады.
Балқұдық ауылдық мәдениет үйінде өткен жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов өңірге қатысты атқарылатын жұмыстардан хабардар етті. Азғыр өңірінің өзекті проблемаларын үнемі көтеріп келетін елжанды азамат, зейнеткер Мансұр Қуанышәлиев электр жарығын Ресейден алып тұтынып отырғандарын, оның болашағы сенімсіз екенін айтып, осы тәуелділіктен құтылып, сымды өзімізден тартуға ықпал етуді облыс әкімінен сұрады. Сонымен қатар, өрт сөндіру депосын Балқұдық ауылынан салудың маңыздылығын, тұрғындар хирургиялық ауруларды емдеуге Харабайлының ауруханасына баруға мәжбүр екендігін, ол үлкен қаржыны талап ететінін жеткізіп, МӘМС аударымдарына қатысты екі елдің арасында келісімшарт жасалса деген ұсыныстарын ортаға салды. Тұрғындар МРТ, КТ сынды медициналық аппараттарға түсудің ақылы не тегін екендігін сұрады. Қойылған сұрақтарға тиісті басқарма басшылары жауап беріп, жиынды облыс әкімі Серік Шәпкенов қорытындылады. Одан әрі Азғыр ауылында құрылысы басталған 100 орындық клубтың жұмысы таныстырылды.
Айнагүл Шакупова