Байдадағы боздақтар ескерткіші

(0 Votes)

Байда ауылдық округінің орталығынан Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысына қатысқан ауылдастарға арналған ескерткіш бой көтерді.

 «Ешкім де ұмытылмайды, еш нәрсе де ұмыт қалмайды» атты гранит тақтада кешегі қан майданнан оралмаған 204 боздақтың, жеңіспен елге оралған 76 майдангердің есімдері қашалып алтын әріптермен жазылды. Бүгінгі ұрпақтың тағзымы ретінде мәңгі алаудың оты маздайды.

Ауыл тұрғындары үшін ерекше күн болған ескерткіштің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев құттықтау сөзін арнады.

– Ұлы Жеңіс күніне орай ұлы ерліктің жаңғырығы іспеттес қаза болған қаһарман жерлестерімізге, елге келіп, еңсе тіктесуге атсалысқан бүгінде арамызда жоқ аға буын ардагерлерге арналған ескерткіштің ашылуына жиналып отырмыз. Дана халқымыз «Өлі жібімей, тірі байымайды» деген нақыл сөзді тегін айтпаған. Олардың ерлікті істері біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде ел тірегі бола білген қаһармандарымыздың есімдері ешқашан ұмытылмай, тарихта қалары анық. Олардың ерлікті жолын, ерен еңбектерін біз жоғары бағалаймыз және өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі етеміз, - деген ол елдік іс атқарған Байда округінің барша тұрғындарына, ауыл әкімі Жүсіп Сүлейменұлына үлкен ризашылығын білдіріп, ескерткіш тұрғызуға демеушілік жасаған, құрылысын жүргізген Ерлан Бисахов, Самат Әжігереев, Төремұрат Мейірболатұлы сынды азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.

Шарада сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев округте соғыс қаһармандарын дәріптеуде тамаша бастама іске асқанын атап өтіп, соңғы кездері деректері белгілі болған, асқан ерлігі үшін 9 айда төрт рет награда алған осы Байда топырағында туған Қалиев Қалимолланың есімін де ұмыт қалдырмауды сұрады.

Байда ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Ысмағұлов «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, ескерткіш тұрғызуды бастама етіп көтерген округ әкімі Ж.Төреғалиевке, оның бұл қадамын қоштап, демеуші болған ауылдағы кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы басшыларына рахметін айтты.

eskertkish-ornatty4

eskertkish-ornatty3

Бұдан соң ескерткіштің алдына керілген лентаның қиылу рәсімі өтіп, боздақтарға тағзым ретінде азагүлдер орналастырылды. Мекеме, ұйымдар мен боздақтардың ұрпақтары гүл шоқтарын қойды.

eskertkin-ornatty

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521