Байдалықтар үшін бүгінгі күн ерекше. Өйткені, олар ел Президентінен бастап, облыс, аудан, округ әкімдігі атынан мерекелік Алғыс хат пен түрлі медальдар иемденді.
Мұндай марапатты салтанатты түрде табыстау үшін Байда ауылдық клубында «Бабаларым аңсаған тәуелсіздік» атты концерттік кеш өтті. Оған округ әкімі, ауыл тұрғындары мен әр саланың мамандары қатысты.
Шара басталмас бұрын LED-экраннан Байда ауылы туралы дайындалған арнайы ролик ұсынылды.
Кейін әскери маршпен мемлекеттік Ту енгізіліп, Әнұран айтылды. Тәуелсіздіктің 30-жылдығына орай өткізілген мәдени кештің алғысөзі округ әкімі Жүсіп Сүлейменұлына бұйырды. Ол қалың көрерменді айтулы мерекемен құттықтап, тұғыры биік егемендігіміз баянды болсын деп тілек етті. Сонымен қатар, өз саласына еңбегі сіңген мамандарды Алғыс хатпен марапаттап, аудан бойынша «Үздік округ-2021» номинациясын байдалық әкім аппараты жеңіп алғаны жайында қуанышты жаңалықпен бөлісті.
Жиынның келесі кезеңі концерттік бағдарламаға ұласып, оның шымылдығын Айымгүл Саматова «Сарыарқа» күйімен ашты.
Жиылған көпшілік Ахат Бейсенбайұлы, Алмазия Жақина, Еркебұлан Өтебайұлы, Асылай Сүйеуғалиқызы, Қадыржан Орынғалиұлы, Сәкен Серікұлы, Байда ауылдық клубы жанынан құрылған домбыра ансамблі мен «Жұлдыз-ай» би тобы сынды жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Айта кетейік, Байдада жағымды жаңалықтар өте көп. Оны газетіміздің алдағы санында жарық көретін «Әкімдер сайланды. Уәде орындалуда ма?» атты рубрикада жариялайтын боламыз.
Жайдарлым Қайреден