Байбарыс туралы деректерімен бөлісті

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада «Ұлттық тарихты қайта жаңғыртушы» атты Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер, шығыстанушы, «Сұлтан Байбарыс», «Қыпшақ мәмлүктер», «Бағдаттағы жалайыр билігі» «Ер қаруы – бес қару», «Юрта на вершине пирамиды» кітаптарының авторы зерттеуші-ғалым Қайрат Ұзақбайұлы Сәкимен оқырмандар кездесуі ұйымдастырылды.

Сұхбат түрінде өрбіген шараны аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Хасанова қош келдіңін айтудан бастады. – Мемлекеттік қызметіңізбен қатар сізді көпқырлы тарих пен бүгінгі күннің өзара байланысын дәріптейтін зерттеуші ретінде білеміз. Ұлт үшін өте маңызды рухани мәдениетті өз ықтиярыңызбен жүзеге асырдыңыз. Тарихи мұраға қызығушылық танытып, мұрағаттарды ақтарып, араб елдерінің кітапханаларында сақталған қолжазбаларды мұқият зерделеп, қазақ халқының өткенін қолжетімді қылдыңыз, - деп аудан әкімінің Алғыс хатын табыстап, иығына шапан жапты.

screenshot_20220523_220238

Қазақтың игі жақсыларының ауданымызда болуына септесіп жүретін қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов белгілі ғалымның өмір жолынан мағлұматтар беріп өтті. - Араб әмірлігі, Египет, Кувейт, Оңтүстік Кореяда мемлекеттік маңызы бар қызметтерді атқара жүрсе де бірнеше шет тілдерін еркін меңгерген жан-жақты адам. Әсіресе, қазіргі және көне араб, парсы, ағылшын тілдерін жақсы біледі, Құранның грамматикасынан да хабары бар. Көне қолжазбалардың түпнұсқаларын оқып, зерделеудің нәтижесінде бірнеше деректі тарихи кітаптарды жазып шықты. Соның алғашқысы, көлемдісі «Қыпшақ мәмлүктер» деген кітабы қолыма тиіп, авторымен танысуды мақсат тұттым. Өкінішке орай, елшілік қызметте болған ғалыммен кездесудің сәті көпке дейін түспеді. Астана қаласында дәрігер болып істейтін баласы арқылы телефонын алып, байланыс орнатудың мүмкіндігі туды, - деп Атырау өңіріне сапарында Жылыой, Индер аудандарында, Атырау университетінде, күні кеше Алтынжардағы Құрманғазы, Бәйбектегі Бөкей хан бабаларының басында болғанын жеткізді.

Зерттеуші-ғалым Қайрат Сәки өз әңгімесін дипломатиялық қызметінің ерекшеліктерінен бастап, ғылым жолына қалай келгенін әсерлі әңгімеледі. - Қазақта «Ұйықтаған ұйқы алады, ұйықтамаған жылқы алады» деген мақал бар ғой. Сол дипломатиялық жұмыстан қол босаған кезде кітапханаларға баратын едім. 1999 жылы қаңтар айында Каир қаласына Олжас Сүлейменов ағамыз келді. Ойшыл ғалым ағамыз елшілікте қызмет жасайтындарға қарата Мысыр елі көне тарихтың мекені, құнды мәліметтерді зертттеуге мүмкіндіктеріңіз мол, мәмүлік тарихын елге, халыққа жеткізу үшін әрекет жасасаңдар деген өтінішін ортаға тастады. Солардың ішінен мен ғана тарихқа терең бойлай зерттеуге кірістім. Көне мұраға деген қызығушылығым мені осы елдердегі архивтерді қарап, елімізге қажетті дүниелерді жинауға бастады. Жарық көрген тарихи шығармалар мен араб елдерінің кітапханаларында сақталған қолжазбаларды мұқият зерделеп, жұртымызға жеткізуді мұрат еттім. Біршамасын кітап етіп шығардым. ортағасырлық мұсылман, араб тарихында түркі тайпалары, оның ішінде, қазақ халқына тікелей қатысы бар – қыпшақ, найман және жалайырлар жайлы қалам тербедім. Байбарыс сұлтан туралы да көп іздендім, оның неге көп еңбектерде Бейбарыс болып жүргенін анықтадым. Түпнұсқа қолжазбаларды дұрыс оқудың көмегі тиді. Қазіргі қазақ есімдерінің артына жалғанып жүрген «байлар» көне кезде басында қолданылатын. Мұны мен ғана емес, араб тілінен хабары бар жұрт жақсы біледі. Байбарыс қана емес, барлық мәмлүк сұлтандары мен бектері, қатардағы мәмлүктер түркі тілінде сөйлеген. Байбарысты қыпшақ емес, қырым татары, тіпті Қап тауының тумасы деп дүргендер жетерлік. Ондай жаңсақтықтыққа негіз болуының себебі, бала Байбарыстың елі Қырымға енді көшіп келгенде шабуыл мен тонауға тап болады. 10-15 жас аралығындағы жас өрендер Қырымдағы құл базарлары арқылы сатылып дүниенің төрт бұрышына тарап кетеді. Байбарыс бірге өскен Байсары деген ханның баласымен қазіргі Түркияның жері арқылы Сирияға әкелініп құл базарына түседі. Оның көзіндегі кішкене ғана ақ түскен кінараты салдарынан құл базарында өтпей қояды. Тек бір ауқатты бек сырттай саудалап сатылып кете барады. Құлдықтан басталған әмірліке дейінгі жол осылай басталған болатын. Бектің сенімді уәзірлерінің бірі болған ол сұлтан дәрежесіне көтерілді. Қатал басшы болды дейді, ол сол соғыс заманның талабы еді, - деп оның қалай өлгені, мұсылмандық дінді қабылдағаны жайында әңгіме қозғады.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT