Ұлттық домбыра күніне орай орталық алаңда «Ұлттық рух, күміс күй» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Алдымен Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткішіне гүл қойылды. Күйші бабаға тағзым ету рәсімін аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бастап, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі, «Жиделі» халықтық фольклорлық ансамблі, Дина Нұрпейісова атындағы өнер мектебі, Дәулеткерей атындағы саз мектебі және аудандық музей ұжымдары қоштап, ескерткіш маңын гүлдестеге орады.
Шара шағын мерекелік концертке ұласып, қазақтың атақты күйші-сазгерлерінің өлмес туындалары тыңдарман жұртшылыққа ұсынылды.
Күй-керуенді С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы ансамбль Құрманғазының «Балбырауынымен» ашты. Сондай-ақ, ауданға белгілі Алмазия Жахина, Гүлмира Сидағалиева сынды шебер орындаушылармен бірге Бахтияр Тілегенов, Нұрдәулет Нұрланов, Аружан Қадірова сияқты жас өрендер де өз өнерлерін көрсетті.
А.НӘЖІМОВ