Халқымыз әрдайым ел тағдырын өз тағдырынан биік қойып келеді. Ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен батырларымыз ғасырлар бойы жаугершілік заманда өмір сүріп, өз елін жерін, тәуелсізідігін үнемі қорғап келген.
Ата–бабаларымыз ел мен жерін қорғауда ат үстінде бес қаруын сенімді серік етіп жаудың бетін қайтарып отырған. Алайда қазіргі жас ұрпақ ежелгі қазақ халқымыздың бес қаруын ұмытып бара жатқандай. Қазақтың жаугершілік заманда пайдаланған қарудың бірі – қылыш, соның ішінде аудандық музейде сақталған қайқы қылыштың ерекшелігі зор. Қайқы қылыш негізінен темір, болат т.б. материалдардан жасалған, ат үстінде ұрыс жүргізу үшін жеңіл, әрі басы неғұрлым қайқы болса оның кескіштік қасиеті күшті болған. Әр батырдың өз қылышы болған, оны басқа жауынгерлер ешқашан ұстамай, тек өзінің ұрпақтары мұра етіп сақтап келген. Аса бір ұлық жағдайлар болмаса қылышты қолдарына алмаған. Сонымен қатар қылышқа жауынгердің құралы деп қана қарамай оған символикалық мән берген. Ханның, батырдың ерлігін, халықтың бірлігін үнемі қылышпен байланыстырып отырған.
Аудандық музейдің сөресінен орын алған бұл қайқы қылыштың негізгі бөліктерінің атауларына келетін болсақ түйіскен жерін «алқымы», кесетін жерін –«жүзі», қарсы жағы –«сырты», қылыш басының түйреуге арналған жерін – «ұшы», ал сапқа кіргізілетін бөлігін - «жетесі» деп атаған. Ені - 3,35 ұзындығы- 89 сантиметрлі қайқы қылышты музейге 1979 жылы ҚР өлкетанушы Жолжанов Мақсот Құмарұлы тапсырған.
Г.Сдихова,
Музей тарихшысы