Махамбет ауданында Таңдай ауылының 90 жылдығына орай ауыл азаматтары ат бәйгесін ұйымдастырды. Жарыстың аламан бәйге, құнан бәйге, тай бәйгесінде Атырау, Орал облыстарынан келген шабандоздар бақ сынады.
Оған біздің ауданның да атбегілері мен жанкүйерлері қатысты. Жан-жақтан жиналған 18 ат дала төсін дүбірге толтырған тай бәйгесінде құрманғазылықтар І және ІІ орынды жеңіп алды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, тай жарысында Аманғали Сатановтың ағылшын тұқымды «Секрет» атты тайы І орыннан көрінсе, Ермұрат Абылайдың «Асыл тас» атты аты ІІ орынды еншілеп, ауданымыздың абыройын асқақтатты.
Осы бәйгеге жанкүйер болып қатысқан аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Жұмалиев:
– Мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Халқымыз ежелден «Ат – ер қанаты», деп жасынан Қамбар ата тұқымының жалына жармасып, құлағында ойнап өскен ұлт. «Баласы атқа шапса, ауылдағы атасы тақымын қысады», деп айтқандай шабандоз болмаса да жылқы мінезді қазақ біткен жарысқа шыққан аттың тілеуін тілеп, қиқулап отырады ғой. Біз де жерлестеріміз орын алса екен деп, олар додаға шыққанда-ақ басқа дүниені ұмытып, бар назарымызды соларға аудардық. Шүкір, жігіттер сенімімізді ақтады. Тұяғымен жер тарпып, ауыздығымен алысып, ұша жөнелгелі тұрған қанатты пырақтай көрінген, аузымен құс тістеген 18 жүйріктің арасынан суырылып шығып І және ІІ орынды алу оңай емес. Тайларымыз 6 шақырымды еркін шауып өтті. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демей ме, олардың терін алып, күтіп-баптап дайындаған атбегілерге рахмет! Көк теңізде жалдай толқындармен алысқан кеменің рөлін ұстаған капитандай жарыс жолында тайларды шаршатып,шалдықтырмай мәреге жеткізген шабандоздарға да қатты риза болдық. Арнайы барған жанкүйерлер атынан алғысымыз шексіз, - дейді алған әсерімен бөлісіп.
Алыстан ат арытып барып жүлделі орынды иеленген жерлестерімізге І және ІІ орынға сай 300 мың, 150 мың теңгенің ақшалай байрақтары табыс етілді. Ауданымыздың ат спортын дамытып жүрген азаматтардың шығар тұғыры биік, алар асулары абыройлы болсын!
Қанат ҒҰМАРОВ