Баға аспандап барады

(0 Votes)

Бүгін – төмен, ертең – өскен бағаның тұрақсыздығы туралы редакциямызға оқырманымыз хабарласқан еді. Оның сөзіне сенсек, ол тұратын ауылда картоптың бір килосы 300 теңгеден басталады екен.

Ал, сауда жасап тұрған дүкеншіден себебін сұраса, «ұнамаса, алмаға» тоқиды екен. Ашынған тұрғынның бұл уәжінен кейін, ауданға қарасты сауда нүктелеріне аяқтай барып, салыстырып көрдік.  Сонымен, орталықтағы «Нұрболат» шағын маркетіне, «Апельсин», «Қиғаш», «Ахат», «Амир», «Бағдат», «Мерей-5» сауда нүктелеріне және орталық базарға бас сұғып, ондағы бүгінгі бағаның жайын бақыладық. Әсіресе тұрғындардың күнделікті тұтынатын қант, күріш, ұн, шай, күнбағыс майы, макарон өнімдері, жұмыртқа, қораптағы сүт, сондай-ақ, картоп, сәбіз, пияз және ас тұзының бағасына жіті мән бердік. Мәселен, 25 келілік бидай ұны «Бағдат» пен «Амирде» - 5200, «Қиғаш», «Нұрболат», «Ахатта» 5300 теңгемен, ал «Мерей-5» дүкенінде 5000 теңгемен бағалануда. 5 келілік макарон өнімдері (рожки, вермишель) орталық базар мен «Амир», «Ахат», «Бағдатта» - 1500, «Қиғашта» - 1440, «Нұрболатта» - 1456, «Мерей-5» дүкенінде 1200 теңгемен босатылуда. «Нұрболат» шағын маркетінде 5 келі күріштің бағасы - 1196, «Бағдат», «Қиғаш», «Ахат», «Мерей-5» дүкендерінде - 1200, орталық базарда - 1300, «Амирде» - 1350 теңгемен саудалануда. Ал 5 келі қанттың ең жоғары бағасы «Амирде» (1850тг), орта деңгейі «Бағдат» пен орталық базарда (1500тг), ең төмені «Қиғаш», «Мерей-5» (1460тг), «Ахат» (1450тг), «Нұрболат» шағын маркетінде (1446тг) тіркелген. Сауда нүктелерінде жұмыртқаның бағасы әрқилы, 36-45 теңгенін аралығын құрайды. Қораптағы сүтті орталық базар, «Бағдат», «Ахаттан» 260, «Нұрболаттан» 259, «Қиғаштан» 265, «Мерей-5» пен «Амирден» 270 теңгеден табасыз. Ал күнбағыс майының 5 литрі орталық базарда 2700, «Бағдат» пен «Ахатта» 2600, «Нұрболатта» 2622, «Амирде» 2850, «Мерей-5» дүкенінде 3000, ал «Чемпион» шайы «Нұрболат» шағын маркетінде 788, «Қиғаш» пен «Ахатта» 800, орталық базар, «Бағдат», «Амир», «Мерей-5» дүкендерінде 850 теңгемен сатылымға қойылған. Біз аралаған дүкен сөрелерінде ас тұзы 53-60 теңге аралығында тұр. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне келетін болсақ, картоптың кг-ы «Апелсинде» 260, орталық базар, «Бағдат», «Мерей-5», «Ахатта» 250, «Қиғашта» 230, «Нұрболатта» 226, «Амирде» 240 теңге, сәбіздің кг-ы «Апельсин», «Амир», «Ахатта» 200, орталық базар, «Бағдатта» 250, «Мерей-5» дүкенінде 230, «Нұрболатта» 166, «Қиғашта» 180 теңге, ал пияздың кг-ы «Апельсинде» 120, орталық базар, «Бағдат» пен «Ахатта» 150, «Қиғашта» 110, «Нұрболатта» 97, «Амирде» 130, «Мерей-5» дүкенінде 140 теңгені құрайды.

...Жалақы түсе салысымен босаған сөрені толтыруға асығатын болдық. Өйткені, заман соған саяды. Бұл ретте, ешкімді кіналауға болмас. Өйткені, кәсіпкер де үстіне қосқан 5-10 тиынмен саудасын жүргізіп отыр. Алып-сатарлардың да ойына күмп ете қалған бағаны емес, айналадағы ахуалға қарап салыстырған жөн бе деп те ойлайсың. Мемлекеттік мекеменің жеке кәсіпкердің мүлкіне қол салмай, бағаны тұрақтандыруда екі қолы бос болғаны да қынжылтады. Бірақ, үміт өшпек емес. Не айлық ақы өссе екен деп, не арзаншылық орын алса екен деп тілейтін болдық....

 

Жайдарлым Қайреден,

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521