АҚШ-тың валютасы шарықтап өскен сайын қымбатшылықтың да алқымды қысқаны көпке мәлім. Доллар кері түссе де, елдегі азық-түлік бағасы асқақтамаса, тұрақталар емес. Өйткені, дүкен сөрелерінде бір апта бұрын тұрған тағамның құнына келесі аптада 100-150 теңге қосылып, өзгеріп тұрады.
Басқаға тоқтау салсақ та, асқазанға байлам жоқ. Сондықтан, жоғарылаған бәске көз жұмып, сатып аламыз. Ал, сатушылар мұның себебін көршілес Ресейден келген тауар құны әр барған сайын қымбаттап келеді деп түсіндіріп әлек. Осы ретте, базар бағасын орта есеппен бағамдап, өңірдегі арзан нүктемен салыстырып қайттық.
Тамақ бағасын сұрап, әр дүкенге кірсек, ол жердегі баға да көрген көзді шарасынан шығарады. Зерттеу барысында бір жалақыға қарап отырған кей отбасылар, зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылғандар қалтасындағы барын санап, саудагерлерге «барым осы еді, бағаңды түсіріп берші» деген өтінішпен көкөніс алып жүргендерін де байқадық. «Шоқпар тисе, сорлыға тиеді» дегендей, күннен-күнге қымбаттап жатқан азық-түліктің бағасы басты ауыртып, балтырды сыздатып тұрғаны рас. Сонымен, жүргізген шағын журналистік зерттеуден «Серпер» базарында 25 келі ұн бағасы - 6200 тг, «Қиғашта» 6100 теңгемен саудалануда. 5 келі макарон «Серперде» - 1650 тг болса, «Қиғашта» - 1600тг. Сол сияқты, биыл құны күрт асқақтаған қанттың да 5 келісі «Серперде» 2300 тг, «Қиғашта» 2200 тг. 5 литр өсімдік майы базарда 3500 тг, дүкенде де сондай. Жұмыртқа «Серперде» 37 тг, «Қиғашта» 33-39 тг. Ал, «Эконом» сүті орталықта 20 теңгеге арзан - 320 тг, «Қиғашта» 340 тг. 5 келі күріш бағасы базарда 100 теңгеге төмен - 1800 тг, дүкенде 1900 тг-мен сатылуда. «Чемпион» шайы екі нүкте де бірдей, 1000 теңге.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметімен жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы айтарлықтай өскен. Өткен бір ай ішінде ең көп қымбаттаған өнімдер: қырыққабат – 330 тг-ден 400 тг-ге – 21%-ға, пияз – 120 тг-ден 220 тг-ге –83%-ға, қант – 440 тг-ден 500 тг-ге – 6,3%-ға, картоп – 250тг-ден 270 тг-ге – 8%-ға, сәбіз – 200 тг-ден 340 тг-ге– 70%-ға, құс еті – 950 тг-ден 1300 тг-ге–37%, сиыр еті – 2000 тг-ден 2200 тг-ге – 10%-ға өсті», –дейді мамандар. Соңғы кездері әлеуметтік тағамдардан бөлек, қымбаттаған тауар қатарына орамжапырақ та еніпті. Қазір оның бір келісі 450-550 теңге арасында сатылуда. Қырыққабат құны күрт өсуін бөлім мамандары былай түсіндірді. – Атырау немесе Астрахань қаласынан сатып алатын жерде қырыққабаттың бағасы қымбаттаған. Бүгінгі таңда теңгенің долларға шаққандағы бағамы шарықтап кетуіне байланысты шет елден келетін азық-түліктің де бағасы өсіп отыр,-дейді.
Десе де, кей дүңгіршіктерде тағамдардың өткен әзірдегі құнынан азаюлар байқалады. Жергілікті саудагерлер мен жауапты мамандар да нарықтағы азық-түлік бағасы аз-аздан төмендейді деп болжап отыр.
Жалпы, елімізде күнде қымбаттап жатқан азық-түлік өнімдерінен бөлек, киім-кешек бағалары да айтарлықтай өскен. Алайда, тұрғындардың базынасына айналғаны – күнделікті тұтынатын азық-түлік бағалары болып тұр. Үкімет жергілікті билікке бағаны қатаң бақылауды тапсырғанымен, жауапты бөлім тұрмақ, жоғары биліктің өзі де шарықтаған базар бағасын ауыздықтай алмауда.
Жайдарлым Қайреден