Баға, қайда барасың?

(0 Votes)

Жасыратыны жоқ, қазір екі адамның басы қосыла қалса, базардағы бағаны базына қылып, қымбатшылыққа қынжылады.

Арқаны мұздатып, қалтаны қаққан нарық бағасы биліктің де, халықтың да ырқына бағынар емес. Азық-түлік бағасының шарықтап кетпеуін қадағалау мақсатында құрылған ауданымыздағы штаб тұрақты жұмыс жасайды. Десек те, баға бұйдаға бағынар, бір орында тұрақтар емес.  Бізде жаңа жылдан кейін аудан орталығындағы сауда нүктелерін аралап,  әлеуметтік себет құрамына енген азық-түлік бағаларын өзара салыстырып, шағын журналистік зерттеу жүргіздік. Қашан қай кезде барсаңыз да адам аяғы үзілмейтін базарда күнделікті ішіп-жейтін азық-түліктің бәрі бар.

Сонымен, «Серпер» базарына, орталықтағы «Мерей» дүкеніне, «Арыстан», «Қиғаш», «Ахат», «Амир» сауда нүктелеріне бас сұғып, ондағы бүгінгі бағаның жайын бақыладық. Бізді тұрғындардың күнделікті тұтынатын қант, күріш, ұн, шай, күнбағыс майы, макарон өнімдері, қораптағы сүттің бағасы қызықтырды. Мәселен, 25 келілік бидай ұны «Қиғаш» дүкенінде 4800, «Ахатта» 4900 теңгемен бағалануда. 2 келілік макарон өнімдері (рожки, вермишель) «Серперде» - 500-550, «Мерейде» - 550, Қиғашта – 500, «Арыстанда» - 450-500, «Амир» мен «Ахат» дүкендерінде 500-550 босатылуда. «Серпер» базарында 5 келі күріштің бағасы 1400-1500 аралығында болса, «Қиғаш» пен «Мерейде» - 1200, «Амирде» - 1300, «Арыстанда» - 1500, «Ахатта» - 1150 теңгеден саудалануда. Ал 5 келі қанттың ең жоғары бағасы (1400) «Серпер», «Мерей», «Амир», «Арыстанда», орта деңгейі (1350) «Ахатта», ең төмені (1320) «Қиғаш» дүкенінде тіркелген. Биылғы жаңа жылда бағасы бірден шарықтаған азықтың бірі – жұмыртқа. Атырау қаласындағы сауда нүктелерінде оның құны  50-60 теңгеге дейін көтерілген. Ал аудан орталығындағы сауда нүктелерінде жұмыртқаның бағасы әзірше 40-42 теңгенің аралығын құрайды. Қораптағы сүтті «Серпер» базарынан 250-270, «Мерейден» - 215, «Қиғаш» пен «Ахаттан» - 250, «Арыстаннан» - 245, «Амирден» - 260 теңгеден табасыз. Ал күнбағыс майының 5 литрі «Арыстан» мен «Амирде» - 2800, «Серперде» - 2400-2600, «Ахатта» - 2600, «Мерейде» - 2400 теңгемен сатылымға қойылған. Біз аралаған сауда орындарының сөрелерінде «Чемпион» шайы 800 теңгеден тұрса, тек «Қиғаш» дүкенінде ғана 750 теңгеден босатылуда. Ауыл шаруашылығы өнімдерге келетін болсақ, картоп «Қиғаш» пен «Ахатта» - 160, «Мерей» мен «Амирде» - 170, «Серперде» - 200, «Арыстанда» - 140 теңгенің шамасын құрайды. Пияздың орташа бағасы 100-180 теңгенің шамасын құрайды.  

bazar-baa1

Аудан орталығымен қатар ауыл тұрғындарының жиі баратын «Серпер» базары мен аталмыш көтерме сауда дүкендерінің нарқында айтарлықтай айырмашылық шамалы. Біреуінде қораптағы сүтті төмен бағаға алсаң, екіншісінде күрішті арзандауға аласың. Ертең барсаңыз, тіпті басқаша болуы мүмкін. Өйткені, бағада тоқтау жоқ, күнде құбылады.

bazar-baa2

            А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521