Біткен нысанды беру неге созбалаңға түседі?

(0 Votes)

Аудандық мәслихаттың LІХ сессиясының алдында аудан әкімі Қ.Нұртаев «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары, депутат Өмірболат Есенғазиевке партия жұмыстарын ұйымдастырудағы белсенділігі және өңірдің әлеуметтік-эконономикасын көтерудегі еселі еңбегі үшін Құрманғазы ауданының Құрмет грамотасын табыс етті.

i

Бұдан соң сессия жұмысы басталып, төрағаның міндетін атқарушы аудандық мәслихат хатшысы Б.Жүгінісов күн тәртібімен таныстырып, регламентті белгіледі. Алғаш болып аудан әкімі Қ.Нұртаевтың 2020 жылдың І жартыжылдығындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебі тыңдалды. Осы мәселеге орай аудандық мәслихаттың экономика, бюджет және салық саясаты жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Р.Сұлтанияев қосымша хабарлама жасады. Баяндамашы аудан басшысының есебінде айтылғандарды қуаттай келе, бірқатар ескерілмей қалған жайттарға тоқталды.

– Жалпы бағдарламалар бойынша атқарылған жұмыстар уақтылы тапсырылмайды. Өткен жылдың осындай аудан әкімінің жартыжылдық есебінде профилактория жанындағы инфрақұрылым жұмысы аяқталып, жыл аяғында беріледі делінген болатын. Арада бір жыл өтті, әлі күнге кезекке тұрған тұрғындар баспана салуды бастаған жоқ. Өткен әзірде барып қарағанымда төселген газ, су құбырларын жер үрлеп, бетін жалаңаштап тастаған, біразын майыстырып бүлдіріп кеткендігінің куәсі болдым. Топырақ төгіліп, тегістелмеген жерлері де бар. Бұл жұмыстарды жүргізудің сиырқұйымшақтанып кеткені қынжылтады. Біткен нысандарды беру неге созбалаңға түседі? Осы инфрақұрылымның тапсырылуын күтіп жүргендер қаншама?! Мердігер мекемеден жұмыстың сапалы орындалуын талап ету қажет, - деген ол есепті кезеңде жалпы тіркелген қылмыстың 38,2 пайызға өсіп кеткендігін, 105 қастандық әрекеттер тіркелгенін, ақпан-наурыз айларында 3 адаммен 17 құқық бұзушылық орын алғанын айтып, қылмыс пен тәртіп бұзушылыққа қарсы күресті жандандыру керектігін де айтып өтті.

img_3358

Көтерілген мәселерге үнемі өз пікірін білдіріп отыратын белсенді депутат М.Қуаншалиев айтылғандарды толықтай қоштап, түсінік беруді сұрады. Аудан басшысы аталған инфрақұрылымның құрылысы аяқтала келгенін, электр желісін жүргізу үшін қосымша 80 млн. қаржы қажеттігін қаперге берді. Аудан әкімінің есебі мақұлданып, айтылған ұсыныс-пікірлер енгізіліп, сессияның шешімі алынды.

i

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелерді белгілер туралы» аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Хасанованың хабарламасы тыңдалды.

img_3406

Сессияда әлеуметтік мәні бар ауданішілік жолаушылар тасымалдаудың тұрақты тарифі келісілді. Сондай-ақ, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі бойынша аудан орталығынан арнайы екі орын айқындалып, аудан көлеміндегі 12 елді мекеннің шекаралары белгіленді. Бұдан басқа түрлі комиссиялардың, консультациялық-кеңесші органның құрамын бекіту туралы шешімдерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соңында аудандық мәслихаттың LХ сессиясының төрағасы сайланды.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521