Бәсі биік бастаманы қолдаймын!

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласы жарыққа шықты.

Ұлтымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты дәрежеде атап өту үшін ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарын атап көрсеткен мәні зор мақаланы тұшына оқып, тәнті болдым. Мақалада автор Абайдың асқан ғұлама, ағартушы, тарихта өшпес із қалдырған тұлға екенін алға тартып, оның шығармашылығымен ұлттың болмыс-бітімі біте қайнасып жатқанына айрықша тоқталған.

Сонымен қатар, ақын сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкескестілігі, одан халқымыздың алар тағылымы турасында жұртшылықпен ой бөліседі. «Абайды тану – адамның өзін тануы» деп, интеллектуалды ұлт ретінде қалыптасу жолында ғылымға, білімге басымдық беріп, Абай сөзін ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналдыруды көздейді. «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады»,-дейді ел Президенті. Расында да, Абайдың мәңгілік рухани мұрасы оның адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылуы тиіс екенін дәлелдейді.

Осы тұрғыда бұл мақалада автор айтып өткендей: «Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз». Өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ғұлама ғибратын зерделеуге бағытталған аталмыш эстафетаны жалғастырудан мен де шет қалмадым. Бұл эстафета ұлы кемеңгерге деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі болды. Елдік шараға мемлекет басшысы да қатысып, өз қолдауын білдірген еді. Биыл да ақын жырларын оқу челленджі жаңаша жанданарына бек сенімді. Осы жылы Абайдың мерейтойы қарсаңында халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ел игілігі үшін өткізілмек.

Мемлекет басшысы бүкіл Қазақстан халқын осы бастамаға белсені атсалысуға үндейді. Абайдың өсиет-өнегесімен XXI ғасырдағы жаңа Қазақстанды бірлесе биіктерге жетелеуді басты бағдар тұтады. Мен де ел Президентінің бұл бәсі биік бастамасын қолдай келе, замандастарымды дара Абайдың даналық дариясын дүниежүзіне кеңінен таныстыру борышымызды адал атқаруға шақырғым келеді.

Қалижан Еркеназ Еркінқызы,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың 4 курс студенті, Мақаш ауылы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521