Бірлесе қимылдасақ қиындықтарды еңсереміз

(0 Votes)

Үкіметіміздің жанындағы мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау қаралған екен.

Оған облыс әкімі Махамбет Досмұхамедов те қатысыпты. Індетті ауыздықтаған біздің өңірдің де айтары бар ғой. Өз тарапымнан бұл шешімді қолдаймын. Себебі қазір вирус жұқтыру төмендеп отыр. Әрине, бірден бәрін аша салуға болмайтынын төтенше жағдайдан кейінгі уақыт көрсетті. Індет жұқтыру бірден өршіп, адам өлімі көбейді.

Тек қатаң шаралардың нәтижесінде ғана еліміз төніп келген қара бұлтты кейін серпілтті. Арқаны кеңге салуға әлі ерте, «Сақтансаң сақтармын» деген бар. ​

Ақпарат құралдарынан сауда үйлері (бутиктер), жабық базарлар, балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар мен ересектерге білім беру орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары, шаштараздар, ашық ауадағы аттаракциондар жұмыс істейтінін естіп жатырмыз. Бірақ, бұлардың бәрінде де адам санына шектеу қойылған.

Сонымен қатар қалаларда соңғы аялдамада дезенфекцияланатын қоғамдық көліктер де жүре бастайды. Басқаларына, атап айтқанда той-думан, ойын-сауық, бұқаралық іс-шаралар және сол сияқты халық көп жиналатын шараларға әзірге рұқсат етілмепті.

Бәрі де орнымен болғаны дұрыс қой. Індеттен енді ғана есімізді жиып жатқанда тағы кері оралтып алсақ, өкініші естен кетпес. Сақтық шараларын алсақ біз бұл сынақтан аман өтеміз.

Басымызға түскен індет біздің біріге алатынымызды, билікпен бірге «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қимылдасақ қандай қиындықты да еңсере алатынымызды көрсетті.

Біз бұған дейін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ауыртпалықтарды да осылай ынтымақтаса жеңгенбіз. «Бірлік бар жерде тірлік бар», дегендей бұл жолы да қуанышты күндерді бірлесе жақындатамыз деген сенімдемін. Сол себепті сіздерді Үкіметіміздің бұл шешіміне түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуге шақырамын.

 

Орынғали Құмарғалиев,

Құрманғазы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521