Әрбір адамның өмірде толыққанды тұлға болып қалыптасуында құқықтық тәрбиенің алар оны ерекше.
Жас ұрпаққа бүгіннен дұрыс бағыт-бағдар беріп, тәртібіне бейжайлық танытпау – ел болашағына деген жанашырлықтың бір белгісі. Олардың құқық бұзып, қылмысқа бой алдыруы жиі кездесіп, қоғамның қасіретіне айналуда. Аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысында бірқатар маңызды мәселелер күн тәртібінде қарастырылды.
Комиссия төрағасының орынбасары, аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева кезекті отырысты ашып жүргізген соң, Шортанбай ауылдық округінің әкімі М.Ғұмаров «Кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтары мен қоғамға қарсы әрекеттерінің, маскүнемдігінің, уытқұмарлығы мен нашақорлығының алдын-алуды ұйымдастыру» туралы хабарлама жасады. Округ әкіміне жағымсыз қылықтардың белең алуын болдырмау аясында мектептен тыс басқа да ұйымдармен бірлескен түрде шаралар жиі оздырылу керек екені қаперленді.
Екінші мәселе – аудандық полиция бөлімінің комиссияға 2020 жылғы 9 қарашада жолдаған хатын талқылау бойынша АПБ ЖПҚб ЮПТ-ның УПИ полиция лейтенанты С.Капизов баянатын оқыды. – Кәмелетке толмаған Э.А. қылмыстық іс-әрекетті жасаған уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үй-жайдан тыс жерде сағат 23:00-ден кейін болғаны үшін заңды өкілі Б.А. ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабының 2 бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азамат Б.А. өзінің тарапынан жіберілген қателіктерді мойындап, алдағы уақытта ұлының жүріс-тұрысын жүйелі қадағалап, бақылап отыратынын жеткізді.
Үшінші мәселе бойынша АПБ ЖПҚб ЮПТ-ның УПИ полиция аға лейтенанты А.Ниғметовтың берген мәліметінше, Н.Х. есімді азамат өзінің туған әкесі Е.Б. інісі Н.Е.-ні ұрып-соғатынын айтып, АПБ-нің кезекші бөліміне арызданған. Аудандық орталық ауруханасына Н.Е.-ні апарып, тексеру кезінде оның үстінде ұрып-соғу іздері анықталмаған. Е.Б.-мен түсінік жұмыстары жүргізіліп, үстінен құжаттар жинақталған.
Комиссия мәжілісінде Е.Б. мен Н.Х. арасында пікірқайшылықтар туындады. Дина Нұрпейісова мектебінің директоры Б.Бекжанов пен психолог-әдіскер 5 сынып оқушысы Н.Е-нің сабаққа қатысы, материалдық жағдайы жақсы екенін алға тартты. Алайда егіз оқушылардың аналарының қайтыс болуына байланысты көңілдерінен кірбің байқалатынын жасырмады. Айтылған уәждерді сараптай келе, комиссия мүшелері әкесі Е.Б.-ға соңғы рет мүмкіндік беріп, бала тәрбиесіне жете мән беру қажеттігін ескертті.
Еркеназ Қалижан