Біреулер ауырып жатса, олар тойлап жүр

(0 Votes)

«Сақтықта қорлық жоқ», дейді дана бабаларымыз. Қазір індеттің өршіп тұрған кезі.

Коронавирус ешкімге де «Мен саған тиіспеймін», деп кепілдік бермеген. Керісінше тез жұғатынын, жылдам таралатынын дәлелдеуде. Былтыр да адамдар пневмониямен (өкпе қабынуы) ауырды. Алайда, дәл биылғыдай одан өлгендер көп болған емес. Бұған себеп вирус екені талай мәрте айтылып та, жазылып та жатыр. Қарапайым адамдарды айтпағанда денсаулықты қалай сақтауға болатынын білетін ақ халатты абзал жандар да көз жұмуда. Олар «вирус жоқ, бәрі өтірік», деп оны жұқтырғандардың өмірі үшін күресіп, жандарын қиюда. Осыдан қалғандарымыз сабақ алып, солардың рухы үшін сақтануымыз қажет.

Бірақ, әлі де бұрынғыша жағасы жайлау болып жүргендер арамызда баршылық. Аудан әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топқа жағаларда топ болып суға түсіп жатқандар, табиғат аясында шағын дастархан ұйымдастырып тойлап жүргендер жайлы хабар түсті.

img_2333

Дүкендерді аралап сақтық шараларының сақталуымен танысып жүрген топ қараңғы түсе бастағанына қарамастан Сазтүбекке аттанды. Мұнда келсек жағада тұрған көлікте екі жігіт пен бір қыз отыр. Көліктің жанында бос шөлмек, баклажка мен азық-түлік қалдығы шашылған. Қысқасы, COVID-19 індеті жоқ жылдардағыдай қаннен қаперсіз тойлап жүр.

Жастармен әңгімесінде аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров: – Жұмысқа шыққаныма екі-үш күн болды. Мен өзім COVID-19-бен ауырып, 20 күн жатып шықтым. Сондықтан бұл дерттің қандай екенін жақсы білемін. Ауру жұқтырғанға дейін мен одан сақтану жөнінде брифингтер, кездесулер, рейдтер өткізгенімді ақпарат құралдары арқылы сіздер білесіздер. Онда бәрі айтылды. «Телеграмм» әлеуметтік желсіндегі Құрманғазы ауданы әкімдігі чатына да жаздық. Қазіргі жастар одан хабарлы деп есептеймін. Бәрі де өздеріңіздей адамдар аман жүрсін деген ниетпен жасалды. Үнемі бетпердемен жүріп, адамдармен қол беріп амандаспай сақтық шараларын ұстансам да маған жұқты. Сауығып шығысымен аудан әкімінің тапсырмасымен басқалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында бұл жұмысты қайта қолға алдым. Облыстан да тапсырма келіп жатыр. Ал, сіздердің, ел болашағы дейтін жастардың жүрісі мынау. Біреуіңізде бетперде жоқ. Бүгін сізге жұқса, ертең маңайыңыздағыларға таралады. Ауырып түсіп жатқандар аз емес, еліміз бойынша алдыңғы орынға шықтық. Оның санын көбейтпеу үшін қатаң шараларға баруға мәжбүрміз, - деді.

i

Жалпы кей жастарымыздың сана-сезімі төмен екенін талай мәрте байқап жүрміз. Айналаға тастаған қоқыстарын жинауды талап еткенде көліктегілердің біреуі бәрін пакетке салып әрірек апарып өзенге лақтыра салды. Ескерту жасалғаннан кейін ғана оны кері алды. Жанымызға ілесіп жүрген полиция қызметкерлері хаттама толтыруға көшті. Себебі екі күндік карантинде жағада жүр, әрі көлік рөлінде ішімдік ішіп отыр. Сонда ғана жағдайдың күрт өзгергенін түсінген олар «Жаздым, жаңылдым», деп кешірім сұрауға көшті. Біз олармен әңгімелесіп тұрғанда біраз қашықтықта төбесіне жер үстел, қазан тиеген тағы бір көлік өтіп бара жатты. Содан кейін жаға бойын қарағанмен қараңғы түскен соң ба бәрі тарап кетіпті.

Аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров мониторингтік топ мүшелері мен полиция қызметкерлеріне тәртіпті қайта күшейтуге кіріскенін, енді 25 шілдеге дейін адамдар барады деген жаға бойлары кез-келген уақытта араланатынын айтып, соған дайын болулары керектігін ескертті. Бұл дұрыс та шығар, себебі қазір індеттен жазылып шыққандар мен ауруханада жатырғандар телефонмен сөйлескенде ауру тарамауы үшін қатаң шаралар қолданып, ешкімді аямау қажеттігін айтуда. «Тек солай етсе ғана коронавирус тоқтайды», дейді олар.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521