Құрманғазы аудандық экономика және қаржы бөлімінің жаңа басшысын аудан активіне таныстырған аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы: – Өздеріңізге мәлім бізде бұл лауазым көптен бері бос тұрды.
Бүгіннен бастап «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27 бабының 10 тармағына, Қазақстан Республикасы Президентінің №152 жарлығымен бекітілген «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен ауысу тәртібімен орналасу қағидаларының 2 тармағының 4 тармақшасына сәйкес аудан әкімінің 2021 жылдың 3 желтоқсанындағы №443 өкімімен Баймұханова Нурия Бауыржанқызы Құрманғазы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы болып тағайындалды. Нурия Бауыржанқызы өте тәжірибелі маман. Осы салада жас кезінен бастап жұмыс жасайды. Құрманғазы ауданының тумасы.1980 жылы 18 мамырда дүниеге келді. 2001 жылы Атырау мұнай және газ институтын «мұнай-газ өндірісіндегі экономика және менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын сол жылы «Каспий Балық» ӨК басқарма көмекшісі болып бастаған. 2002-2005 жылдары «Каспий Балық» ӨК-інде маркетолог, полиграфиялық қызмет көрсету бойынша жеке кәсіпкер, 2005-2017 жылдары аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы, сектор меңгерушісі лауазымдарын атқарды. 2017 жылдан бастап, қазіргі кезге дейін аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары лауазымында болды. Нурия Бауыржанқызы сізге үлкен сенім білдіріп жатырмыз. Өзіңіздің біліміңізді, тәжірибеңізді ауданымыздың көркеюіне жұмсайды деген үміттеміз. Әр әкімшілік аумақта қаржы-экономикалық саласы өте маңызды болып есептеледі. Ауданның дамуы қаржының дұрыс игерілуіне байланысты, - деп бұл жұмыста жаңа басшыға сәттілік тіледі. Аталған бөлімнің жаңа басшысы Нурия Баймұханова көрсетілген сенімнен шығуға жұмыстанатынын жеткізді.
Аудан әкімі аппараты мәжілісі өткеннен соң аудандық экономика және қаржы бөлімі бастығын орнына отырғызған аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы ұжым мүшелерінің жиналысында: – Келгеннен бері осы бөліммен тығыз жұмыс жасап отырмыз. Бұл тағайындауда атқарған қызметіне қарай бағаладық. Сала өте үлкен тәжірибе мектебі екенін кезінде осында жұмыс істегендіктен жақсы білемін. Өзім 4 жыл облыстық тексеру комиссиясын басқардым. Ауданның экономикасын, бөлінген қаржының игерілуін қадағалайтын сіздер. Ауызбірліктеріңіз мықты болсын, - деп ұжым мүшелерінен жаңа басшысына қолдау көрсетулерін сұрады.