Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін жалпыхалықтық референдум өткізетіні туралы жаңалық қоғам арасында қызу талқыға түсіп жатқаны белгілі.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу біз үшін таңсық дүние емес қой. Республикалық референдум тәуелсіздік тарихында екі рет өтті. Біріншісі – 1995 жылғы 29 сәуірде орын алса, екіншісі сол жылы 30 тамызда болды. Бірақ, ешкім қарапайым халықтың пікірін сұраған емес. Парламент қарауына ұсынып, депутаттардың «бір ауыздан» мақұлдауымен өзгерте салатын. Ал бұл жолғы өзгерістің мәні ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында Ата заңға енетін өзгерістерді жалпы халықтың таңдауына беріп, референдум өткізуді ұсынды. Президент өз ұсынысында «біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз! Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады» деп атап өтті. Президентіміз өзінің осы бастамасы арқылы азаматтарды ел өміріне белсене араласуға шақырып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың референдум әрбір азаматтың елдің тағдырын айқындауға тікелей қатысу мүмкіндігі дегені сондықтан. Бұл қадам, бір жағынан билік пен қоғамның арасындағы әлсіреген сенімді нығайтуға да оң ықпалын тигізетіні анық. Екінші жағынан қоғамды демократияландыруға бағыттап отыр. Сондықтан, Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша референдум өткізу қазақстандықтар үшін аса маңызды. Ең бастысы – халық үшін оңтайлы шешім.
Балғаным Хасенова,
аудандық аналар кеңесінің төрайымы