Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауданнның Құрметті азаматы, білім және мемлкеттік қызмет саласының ардагері, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмақай Мұғалұлы Ғұмаровтың мерейлі 70 жасқа толуына орай «Бәйтерек болмысты ел ағасы» атты мәдени шара өтті. Салтанатты жиын мерейгердің өмір жолына арналған бейнесюжетпен басталып, сахна төріне ерекше құрметпен шақырылды.
Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Нұртаев, аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов Жұмақай Мұғалұлының елі үшін істеген елеулі істерін, азаматтық келбетіне, адами асыл қасиеттерін атап өтіп, иығына шапан жауып, құттықтау хаттарын табыстады.
Аудандық балалар кітапханасының кітапханашысы М.Мұхамбеова Ж.Ғұмаровтың «Атырау-Ақпарат» медиахолдиннгінің баспаханасынан жақында шыққан «Ана қуаты» атты кітабының таныстырылымын жасады. Аудан әкімінің орынбасары Н.Қалиев пен ақын-журналист Т.Дәрелұлы тұсаукесер лентасын қиды.
Шара барысында мерейгердің сыйлас ағалары, үзеңгілес жолдастары, сарыаяқтас інілері, қызметтесе болған әріптестері, туыстар сөз алып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
А.НӘЖІМОВ